Қазақстандықтарға Малайзияға кіру кезіндегі қиындықтар мен депортация қаупі ескертілді

16:13, 28 тамыз 2026
MKZ: 1564008

© Сурет: pixabay

Бүгін, 2026 жылғы 28 тамызда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ресми өкілі Жанболат Үсенов Малайзияға баруды жоспарлап отырған азаматтарға маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, соңғы уақытта визасыз режим талаптарын сақтамауына байланысты Қазақстан азаматтарының Малайзияға кіруіне рұқсат бермеу жағдайлары жиілеген.

"Қазақстан Республикасының азаматтары Малайзияға туристік мақсатта немесе қысқа мерзімді іссапар аясында барған жағдайда 30 күнге дейін визасыз бола алады. Сонымен қатар жекелеген азаматтар бұл режимнің талаптарын бұзып, елге ұзақ уақытқа немесе басқа мақсаттармен, соның ішінде қысқа мерзімді оқу курстарына қатысу немесе емделу үшін кіріп жатыр", – деп жазды Жанболат Үсенов өзінің Telegram-арнасында.

Оның сөзінше, елде болудың 30 күндік мерзімін айналып өту үшін "визаран" (visa run) деп аталатын тәсіл қолданылады. Яғни азамат қысқа уақытқа көрші мемлекетке шығып, кейін 30 күндік мерзімді қайта бастау мақсатында Малайзияға дереу қайтып келеді.

"Мұндай тәсіл елде болу мерзімін ұзарту ретінде қарастырылады және Малайзияның иммиграциялық заңнамасын бұзу болып саналады. Сонымен қатар бұл елге қайта кіруге кепілдік бермейді", – деді ол.

СІМ ресми өкілі биыл Малайзия билігі шекаралық бақылауды күшейткенін атап өтті.

"Шетел азаматын ел аумағына кіргізу туралы шешімді Малайзияның иммиграциялық органдары паспорттық бақылаудан өту кезінде тікелей қабылдайды. "Визаран" жасауға әрекеттенген азамат ұсталып, әуежайдағы шетелдіктерді уақытша ұстау жөніндегі иммиграциялық орталыққа жеткізілуі және кейін Малайзиядан депортациялануы мүмкін", – деп ескертті Жанболат Үсенов.

Осыған байланысты СІМ қазақстандықтарды визасыз болудың белгіленген мерзімі мен талаптарын қатаң сақтауға, иммиграциялық талаптарды алдын ала нақтылауға және сапар мақсатын ескеруге шақырды.

"Иммиграциялық бақылаудан өту кезінде сапардың нақты мақсатын көрсету және елден заңды түрде шығу мерзімі шегінде алдын ала сатып алынған әуе билеттерін, сондай-ақ сапардың мақсатын, тұратын жерін және болжамды болу мерзімін растайтын құжаттарды міндетті түрде өзіңізбен бірге алып жүру қажет", – деді СІМ өкілі.

Сондай-ақ шетелге балаларымен бірге тіл үйрену және басқа да білім беру бағдарламаларына қатысу үшін шығатын азаматтарға ерекше назар аударылды. Мұндай бағдарламаларға қатысу үшін тиісті рұқсаттарды рәсімдеу талап етілуі мүмкін.

Бұған дейін Қазақстан СІМ-нің ресми өкілі Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат болған аймақта Қазақстанның екі азаматшасын іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!