Қазақстандық маман Шымкенттің демалысқа ең қолайлы мекен екенін дәлелдеп жүр
© Сурет: Zakon.kz
Шымкент – жылы климаты, алуан түрлі табиғаты, бай мәдениеті мен дәмді асханасын бір бойына сыйдырған ғажайып мекен. Алайда мұны көпшілік біле бермейді. Сондықтан болар, Тимур Байғұлов күнгей қаланың қанық өмірін баршаға танытып жүр. Толығырақ Zakon.kz ақпаратында.
Тимур Байғұлов соңғы 10 жылда өмірін таусыз елестете алмайды. Ол тауға апта сайын шығады: кейде жаяу, кейде велосипедпен, қыста сноубордпен, достарымен, итімен немесе жалғыз өзі. Шыңдар оның жұмысына, хоббиіне, демалысына, шабыт көзіне әрі әсем фотолар түсіретін сүйікті орнына айналған.
"Біздің отбасылық бизнесіміз – ішкі және сыртқы туризммен айналысатын турфирма. Мен Қазақстанның табиғатына сапарлар ұйымдастырамын, ал жұбайым отандастарымызды шетелге саяхатқа жібереді. Өзім тауға 10 жыл бұрын бара бастадым. Әуелі велосипедпен, кейін жаяу жүрдім. Үш жыл бұрын хоббиім кәсіби қызметке айналды. Қазір үнемі белсенді өмір салтын ұстанамын", – дейді Тимур Байғұлов.
Оның пікірінше, Шымкенттің туристік әлеуеті толық ашылмаған әрі лайықты бағаланбай келеді. Бұл бағытты жүйелі түрде дамытса, қала көптеген туристің көңілінен шығары анық.
"Шымкент – бірегей қала: ауа райы жылы, жайлы, тау да, өзен де, шөл де бар. Мұнда Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық паркі, Қаратау жоталары орналасқан. Қала маңындағы Доломит таулары ақ жартастарымен, ежелгі Тетис мұхитының қазба қалдықтарымен танымал", – дейді ол.
Тимурды алаңдататыны – қалаға келетін туристердің аздығы, әсіресе шетелдік қонақтардың сиректігі.
"Мен апта сайын тауға шығамын. Туристермен көбіне Сайрам-Өгем ұлттық паркіне барамыз, Қазығұртты ерекше жақсы көреміз. Қай елде жүрсем де, Шымкенттің табиғаты керемет екенін айтамын. Мысалы, былтыр Исландияға бардым – рас, табиғаты таңғаларлық, бірақ біздің таулар да еш кем емес. Ең бастысы – қолжетімді, қала сыртынан бір сағатта жетесіз. Өте әсем, тек көп адам біле бермейді. Өкінішке қарай, біздің тұрғындар алматылықтардай белсенді емес. Дегенмен жыл сайын шыңға шығатындар көбейіп келеді. Ал шетелдіктер тым аз. Туризм және спорт министрлігінің статистикасын көрдім: Алматыға 50 шетелдік турист келсе, Шымкентке біреуі ғана келеді, оның өзі көбіне жол-жөнекей. Туризм бізде әлсіз дамыған, маркетинг пен ақпараттандыру жеткіліксіз. Ал табиғатымыз ерекше әрі алуан түрлі. Келгендердің бәрі риза болып кетеді. Тағы бір айтарым – Шымкенттегідей дәмді ас ішкен жерім жоқ", – дейді Тимур.
Оны Қазығұрт тауының нағыз жанашыры деуге болады. Мұнда ол тек туристерді бастап барумен шектелмей, мазмұнды контент түсіріп, бұл жердің бірегейлігі мен киелілігін насихаттап жүр.
"Қазығұрт – Шымкенттегі ең қолжетімді тау. Киелі саналады, оған зияратшылар да, қарттар да көтеріледі. Бағыты аса күрделі емес, 1,5–2 сағатта шыңына жетуге болады. Қазығұрт – Қытайдан Ташкентке дейін созылып жатқан Тянь-Шань тауларының ең батыс нүктесі. Даланың ортасында дара тұрған тау ерекше асқақ көрінеді, тылсым мекен саналады", – дейді ол.
Көпшілік үшін тау – алыс, қатал әрі қауіпті орын секілді көрінуі мүмкін. Гид мұнымен ішінара келіседі.
"Қиын бағыттарға туристерді апармаймын. Ондай сапарларға көбіне альпинист достарыммен барамын. Тау – өзіңді сынау, қиындықты еңсеру. Бұл тек физикалық емес, эмоционалдық-психологиялық жүктеме. Биік шыңдарға мінезі шыңдалған адамдар баруы керек. Қазіргі заманда көпшілік жайлылыққа үйреніп қалған", – дейді Тимур.
Ол бір сапарында басынан өткерген ерекше оқиғасын да еске алды.
"10 жыл тауда жүріп, жыртқышқа кезіккен емеспін. Достарым былтыр қонжық көріпті. Әдетте жабайы аңдар адамнан қашады. Ал бұл қонжық топқа жақындай берген екен. Мұны естіп, аса мән бермедім. Бір жолы жалғыз өзім шыңға түнеп қайтпақ болдым. Түнде шатырда жатқанда, сырттан гүріл естілді, біреу шатырдың жанында жүргендей болды. Алғашқы ойым – жыртқыш. Сыртқа жүгіріп шықсам, төбеміздегі шың қатты шайқалып, тастар домалап жатыр, маңайда ешкім жоқ. Сөйтсем, жер сілкінісі болыпты. Қатты қорықтым. Ол сапар өмірімде ұмытпаспын", – дейді ол.
Айта кету керек, Тимурдың түсірген суреттері де ерекше әсерлі. Ол оларды әлеуметтік желілерде жариялап, белсенді өмір салтын насихаттап, сүйікті қаласының көркем табиғатын әлемге танытып жүр.
Тауға дұрыс демалу үшін ең маңыздысы – қауіпсіздік. Жолға шығар алдында міндетті түрде ауа райы болжамын тексеру қажет. Мүмкіндігінше гидпен бірге барған жөн. Ең бастысы – жақсы көңіл күй мен оң ниет. Себебі табиғат – күнделікті күйбең тіршіліктен арылып, жаңарып қайтуға таптырмас мүмкіндік.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
18:04, 12 ақпан 2026
Тоқаев Мұхаммед Әбделсаламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
-
18:02, 12 ақпан 2026
Қазақстанда жұма күні аяз болады
-
17:50, 12 ақпан 2026
Могулшы Павел Колмаков 2026 жылғы Олимпиада финалындағы өнерін аяқтады
-
17:31, 12 ақпан 2026
Тау шаңғысы: Александра Скороходова 2026 жылғы Олимпиадада дебют жасады
-
17:23, 12 ақпан 2026
Мерген Ислам Сәтпаев Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды





