Ерлан Қарин: жаңа Конституция тұңғыш рет алдымен қазақ тілінде әзірленді
© Сурет: gov.kz
Заңгерлер мен тіл мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жаңа Ата Заң мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның 12-ші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, жарты жыл бойы қоғамдық талқылаулар негізінде дайындалған жаңа Конституция мәтіні екі апта бұрын жарияланып, қызу талқыланды. Осы аралықта азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Бұл Конституция мәтіні жан-жақты талқылаудан өткенін, қоғам тарапынан үлкен қызығушылық болғанын және азаматтардың барынша белсенді болғанын айғақтайды.
"Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін де келіп түскен ұсыныстар негізінде тағы қосымша нормалар, басқа да редакциялық-стилистикалық өзгерістер енгізілді. Қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге Комиссия мүшелері тарапынан бірден жауап я түсініктеме беріліп отырды. Осылайша, Мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаты негізінде қоғаммен кері байланыс орнатылып, азаматтардың ұсыныс-пікірі мүмкіндігінше ескерілді", – деді Ерлан Қарин.
Яғни, келіп түскен барлық жүйелі ұсыныстар Конституция мәтінінде көрініс тапты. Сондықтан, әр өңірден, түрлі саладан жиналған 130 адамнан тұратын Комиссияның ашықтығы негізінде, мыңдаған азаматтың мазмұнды ұсыныс-пікірлерін ескере отырып әзірленген жаңа Конституция жобасын Халықтық Конституция деп айтуға толық негіз бар.
"Осылайша, біз мемлекет пен қоғам тұтастығының, бірлігінің жаңа үлгісін көрсеттік. Болашақта жаңа Конституция азаматтардың қолдауымен референдумда қабылданып жатса, бұл тек құқықтық құжат емес, жалпыұлттық идея мен құндылықтар тұрғысынан қоғамдық бірліктің іргетасына айналарына сенім білдіргім келеді", – деді ол.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция тұңғыш рет қазақ тілінде – мемлекеттік тілде әзірленіп, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылғанын еске салды.
"Конституция нормаларының мәні нақтыланып, түрлі шешімдерге негіз болатын кемшіліктер жойылды. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды әрі күрделі жұмыстардың бір бөлігі ғана. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жаңа Ата Заңның мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналды", деп сөзін түйіндеді Ерлан Қарин.
Бұған дейін Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынған болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
20:27, 11 ақпан 2026
ШҚО-да бірнеше пәтер ұрлығы фактісі ашылды
-
19:33, 11 ақпан 2026
Таразда көкөніс сақтауға арналған қойма өртенді
-
19:26, 11 ақпан 2026
2026 жылғы қысқы Олимпиада: фристайл-могулдан қазақстандық спортшы қыздар жарысты аяқтады
-
19:10, 11 ақпан 2026
Тоқаев азаматтардың құқығын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері бойынша жиын өткізді
-
18:59, 11 ақпан 2026
Олимпиада-2026: Қазақстан спортшысы шаңғы қоссайысынан өз нәтижесін жақсартты





