Тоқаев Мұхаммед Әбделсаламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

18:04, 12 ақпан 2026

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің және шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы" сыйлығының Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың хабарлауынша, кездесу барысында Мемлекет басшысы халықаралық аренада беделді әрі іргелі институттардың бірі саналатын Мұсылман ақсақалдар кеңесінің елімізде жүзеге асырып жатқан маңызды жобалары мен бастамаларына қолдау білдірді.

Президенттің айтуынша, толеранттылық және бейбіт өмір сүру қағидаттарын, сондай-ақ гуманизм құндылықтарын орнықтыруда ислам дінінің маңызы айрықша, мұндай ұстаным Қазақстанның саясатымен толық үндеседі.

Мемлекет басшысы Ұйымның Орталық Азиядағы алғашқы өкілдігі елімізде ашылғанын ерекше ілтипатпен қабылдағанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы" сыйлығы бірлік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптейтін халықаралық беделді марапаттардың біріне айналғанына тоқталып, бұл рәсімнің жаһандық диалог және ынтымақтастықты дамыту ісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.

Мұхаммед Әбделсалам қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Астанада ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысына белсенді атсалыса беретінін айтты.

Ол биылғы шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы" сыйлығының Әзербайжан мен Арменияға берілгенін және екі ел арасында бейбіт келісім жасауға Қазақстанның ерекше үлес қосқанын атап өтті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Кеңестің Президенті, Әл-Азһардың бас имамы шейх Ахмед ат-Тайебке ізгі сәлемін жолдады.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен Мұхаммед Әбделсалам конфессияаралық диалогты және гуманитарлық құндылықтарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!