Қазақстанда Жылқы шаруашылығы институты құрылады

16:33, 15 қараша 2024

© Фото: primeminister.kz

Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында "Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы" екенін айта келіп, Қазақстанда Жылқы шаруашылығы институты құрылатындығын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол Моңғолияға барған мемлекеттік сапарын еске ала отырып, моңғол жылқылары аласа болғанымен, өте төзімді әрі ұзаққа шабатындығын айтты.

"Біз "Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы" деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы, қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мәлім",- деді президент.

Сондай-ақ, қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келе жатқандығын атап өтті.

"Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн.Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар".Қасым-Жомарт Тоқаев

Сондай-ақ, ол Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айтты және оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырғанын еске алды.

"Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет",- деді ол.

Бұдан бөлек, қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдағанын баса айтты.

"Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек"Мемлекет басшысы

Бұған дейін Тоқаевтың теңгені егемендігіміздің символы санайтындығы хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!