Қазақстанда төрт коллекторлық агенттік қызмет көрсету құқығынан айырылды

15:37, 17 қараша 2026
MKZ: 1578195

© Сурет: gov.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі борышкерлермен жұмыс істеу кезінде заң талаптарын жүйелі түрде бұзған төрт коллекторлық агенттікті тізілімнен шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство тексеру қорытындыларын жариялады. Оның нәтижесінде компаниялардың борышкерлермен және үшінші тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде жосықсыз әрекеттерге бірнеше рет жол бергені анықталған.

Атап айтқанда, олар қатарынан 12 ай ішінде үш және одан да көп рет заң бұзған.

Тиісті бұйрықтарға 2026 жылғы 16 қарашада қол қойылды.

Тізілімнен мына компаниялар шығарылды:

  • - "Seven коллекторлық агенттігі" ЖШС;
  • - "iCollect коллекторлық агенттігі" ЖШС;
  • - "Каз Инвест Коллекшн коллекторлық агенттігі" ЖШС;
  • - "Табыс коллекторлық агенттігі" ЖШС.
"Тізілімнен шығарылғаннан кейін компаниялар коллекторлық қызметпен айналысу құқығынан айырылады", – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Компаниялар хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде кредиторларға, борышкерлерге және сенімгерлік басқару шарттарын жасасқан өзге тараптарға бұл туралы хабарлауға тиіс.

Сонымен қатар күнтізбелік 30 күн ішінде қайта тіркеуден өтіп, атауларынан "коллекторлық агенттік" деген сөздерді және осындай қызметпен айналысатынын білдіретін өзге де белгілерді алып тастауға міндетті.

Алайда коллекторлық агенттіктің тізілімнен шығарылуы қарыз алушыларды банктік кредиттер мен микрокредиттер бойынша берешегін өтеу міндетінен босатпайды.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ведомство қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтар туралы қазақстандықтарға ескерту жасаған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!