Қазақстанда соңғы бес жылда мыңнан аса жаңа медициналық мекеме ашылды
© Сурет: freepik
Қазақстанда соңғы бес жылда мыңнан астам медициналық мекеме ашылды, ал дәрігерлердің тапшылығы 20,4%-ға қысқарды. Үкіметте денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді қолдау шаралары және жаңа мамандар даярлау жайы талқыланды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларында дәрігерлердің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын арттыру, медициналық білім беру сапасын жақсарту, білім беру гранттарын бөлу жүйесін жетілдіру және денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөнінде берген тапсырмалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда, делінген үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бес жылда елімізде 1 003 жаңа медициналық мекеме ашылды
Үкіметтің мәліметінше, олардың ішінде 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар, бұлардың 655-і "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Сондай-ақ 3 ғылыми медициналық орталық және қан орталығы мен оңалту орталықтарын қоса алғанда, өзге де 9 ұйым бар.
2025 жылы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған дәрігерлер саны 2,2 есе өсті
Бүгінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың шамамен 84 мыңы дәрігер және 196 мыңға жуығы орта медициналық білімі бар маман. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жалпы практика дәрігерлері, терапевт, педиатр, кардиолог, хирург және анестезиолог-реаниматолог мамандар ең сұранысқа ие мамандар қатарында.
Елімізде жас мамандарды тарту және тұрақтандыру, еңбек жағдайларын жақсарту бойынша шаралар жалғасуда. Олардың қатарында:
- ауданның әкімшілік орталығы болып табылатын ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген мамандарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 2 500 АЕК (2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге), ал басқа ауылдық елді мекендерге келген мамандарға 2 000 АЕК мөлшерінде бюджеттік кредит беру;
- ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарға 100 ең төменгі жалақы (1 ЕТЖ – 85 000 теңге) мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу;
- медицина қызметкерлерінің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан басым тәртіппен орын беру;
- қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылдау;
- алған медициналық мамандығы бойынша әскери қызмет өткеру немесе әскерге шақыруды кейінге қалдыру;
- көлік шығындарын өтеу.
2025 жылы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған дәрігерлер саны 2,2 есе өсіп, 1 760 маманға жетті. Тұрғын үймен қамтамасыз етілген дәрігерлер саны 3,3 есе артып, 727 адамды құрады. Ауылдық жерлерде кемінде 5 жыл жұмыс істеу шартымен тапшы мамандықтар бойынша 529 дәрігерге 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. Бұл - 2024 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам жоғары.
Медицина қызметкерлерінің кәсібінің беделі мен еңбегінің қоғамдық мойындалуы да артып келеді. Біржолғы 1 000 АЕК мөлшеріндегі төлеммен бірге берілетін "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы енгізіліп, жыл сайын берілуде. 2024 жылы бұл марапатқа 3 дәрігер, 2025 жылы 9 дәрігер, 2026 жылы 5 дәрігер ие болды. "Кәсібі бойынша үздік" республикалық байқауының жеңімпаздарына 500 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. 2024 жылы бұл төлемді 16 маман, ал 2025 және 2026 жылдары 17 маманнан алды.
Қазақстанда 72 мыңнан астам адам медицина мамандығы бойынша білім алуда
Материалдық қолдау шараларымен қатар, отандық денсаулық сақтау саласында кадрлардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуы күшейтілуде. 2026 жылы медицина қызметкерлерін құқықтық және физикалық қорғауды күшейтуге, сондай-ақ олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігер кадрларына қажеттілік 2023 жылмен салыстырғанда 20,4%-ға, оның ішінде ауылдық жерлерде 28,3%-ға төмендеді.
760 білім беру бағдарламасы және 72 мыңнан астам білім алушы: Қазақстанда дәрігерлер қалай даярланады
Бүгінде Қазақстанда дәрігерлерді даярлауды 8 медициналық университет, 7 көпсалалы жоғары оқу орындарының факультеті және 17 ғылыми ұйым жүргізеді. Білім алушылардың жалпы контингенті 72 мың адамнан асады, оның ішінде 61 мыңнан астамы дипломға дейінгі деңгейде және 11 мыңнан астамы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейінде. Сонымен қатар медициналық колледждерде орта буынның 110 мыңға жуық болашақ маманы білім алуда.
Елімізде ЖОО-дан кейінгі білім берудің 760 білім беру бағдарламасы тіркелген
Қазақстанда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің 760 білім беру бағдарламасы тіркелген. Оның төртеуі – "Кинезитерапия", "ІТ-медицина", "Иммунобиологиялық препараттардың фармациясы және биотехнологиясы", "Мейіргер ісі ғылымы" атты инновациялық бағдарламалар.
Медициналық білім беруді реформалаудың негізгі бағыттарының бірі күшейтілген практикалық компоненті бар дәрігерлерді даярлаудың жаңа жүйесіне көшу болып саналады. Базалық медициналық білімге, бейіндік даярлыққа және тереңдетілген интернатураға негізделген модель енгізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай тәсіл Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының (WFME) халықаралық стандарттарына және Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибесіне сәйкес келеді.
Сондай-ақ болашақ дәрігерлердің практикалық дайындығы күшейтілуде: симуляциялық орталықтарды жабдықтау нормативтері енгізіліп, олардың ұлттық желісі қалыптастырылуда. Клиникалық тәлімгерлік институты енгізілуде. Кемінде бес жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі дәрігерлер интерндер мен резиденттерге тәлімгерлік етеді. Ал тәлімгерлерді ынталандыру мақсатында олардың еңбегіне ақы төлеу әдістемесі әзірленуде.
Медициналық жоғары оқу орындарына түсетін жүктеме азайтылуда. Оқытушылар саны, клиникалық базалар мен инфрақұрылымның мүмкіндіктерін ескеретін өткізу қабілеті ұғымы енгізілуде. Бұл студенттерді қабылдауды реттеуге және оқу орындарының мүмкіндіктерінен асып кетуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар академиялық іріктеудің жоғары деңгейін сақтау мақсатында, оның ішінде ақылы негізде оқуға түсетіндер мен шетелдік студенттер үшін де оқуға қабылдаудың бірыңғай шекті талаптарын белгілеу жоспарлануда.
Медициналық білім берудің клиникалық базасы нығайтылуда. Студенттерді даярлауға қатысатын медициналық ұйымдардың шығындарын өтеуге, оқу инфрақұрылымын дамыту үшін салықтық жеңілдіктер енгізуге, сондай-ақ университеттер мен клиникалық базалар арасында үлгілік шарттар жасасуға мүмкіндік беретін нормалар заңнамаға енгізілуде.
Бұл практикалық оқыту мүмкіндіктерін кеңейтуге және университеттік клиникаларға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Медициналық кадрларды даярлау өңірлердің қажеттіліктеріне бейімделеді
Реформаның жекелеген бағыты мемлекеттік білім беру тапсырысын жетілдіру болды. Гранттар көлемін қалыптастыру кезінде денсаулық сақтау жүйесінің нақты мамандарға деген қажеттілігі ескеріледі. Атап айтқанда, сырқаттанушылық деңгейі, кадрлар бойынша ресми статистика, мамандарға деген қажеттіліктің болжамды есептері, оның ішінде кадрлар тұрақсыздығының көрсеткіштері, демографиялық деректер және басқа да факторлар назарға алынады. Мемлекеттік білім беру тапсырысын жыл сайын қалыптастыру дәрігерлерді даярлау көлемін, білім беру бағдарламалары мен мамандықтар бойынша гранттарды бөлуді түзетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектерді жұмысқа орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі күшейтілуде. Бұл тәсіл дәрігерлердің тапшылығын азайтуға және оларды аймақтарда тиімді бөлуге бағытталған.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін дәрігерлер мен балалар мамандарын даярлауды дамытуға ерекше назар аударылуда. Резидентурадағы педиатриялық мамандықтар тізбесі кеңейтіліп, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған дәрігерлерді даярлау күшейтілуде.
Орта буын медицина қызметкерлерін даярлау бағдарламалары да жаңғыртылуда. Бүгінде мамандарды даярлаумен 94 медициналық колледж, оның ішінде 42 жоғары медициналық колледж айналысады. Практикалық оқыту кеңейтіліп, медициналық клиникалардың қатысуымен дуальды оқыту моделі енгізілуде.
Жасанды интеллект медицина ғылымына жаңа мүмкіндіктер ашады
Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні қолдануға байланысты пәндер енгізілуде. Соның бір мысалы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Мұнда медицинадағы жасанды интеллект бағыты бойынша орталық ашылып, "Медицинадағы жасанды интеллект" атты монография баспаға дайындалды.
"Қала деңгейіндегі медициналық деректерді – жүгінулерді, диагноздарды және эпидемиологиялық жағдайды өңдеп, талдай алатын жасанды интеллект жүйесінің жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми бастама денсаулық сақтау жүйесінде болжам жасауға, тәуекелдерді анықтауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға қолдау көрсетуге бағытталған", делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін дәрігер саусақтардың ұюы қандай қауіпті аурулардың белгісі болуы мүмкін екенін түсіндірген болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:58, 26 қазан 2026
Қазандағы толған Айды неге «Аңшы айы» деп атайды
-
17:48, 26 қазан 2026
Мектептер күзгі демалыста балалардың қатысуына болатын шаралар ұсына алады - Оқу-ағарту министрлігі
-
17:27, 26 қазан 2026
U19 Әлем чемпионаты: Қазақстанның төрт боксшысы «алтынға» таласады
-
16:54, 26 қазан 2026
Жамбыл облысында жасөспірім мектеп ауласында BMW көлігімен дрифт жасап, жұртты шошытты
-
16:45, 26 қазан 2026
Қазақстанның 10 қаласында ауаның ластану деңгейі жоғарылайды – синоптиктер ескертті





