Қазақстанда мемлекеттік активтерді басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу жоспарлануда

16:02, 24 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz

Ұлттық экономика министрлігі "Мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжат мемлекеттік активтерді басқару жүйесін кешенді жаңғыртуды көздейді және Азаматтық кодекске, Бюджет кодексіне, "Мемлекеттік мүлік туралы" заңға, сондай-ақ бірқатар өзге де заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді қамтиды.

Мемлекеттік активтерді басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу

Жоба мемлекеттік мүлікті басқарудың негізгі қағидаттарын бекітеді. Атап айтқанда, активтерді толық әрі нақты есепке алуды қамтамасыз ету, белгіленген өлшемшарттарға сәйкес иелену, жекешелендіру, қайта ұйымдастыру және тарату арқылы бәсекелі секторлардағы мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту, корпоративтік басқарудың заманауи стандарттарын енгізу және есептіліктің ашық жүйесін қалыптастыру қарастырылған.

Үкіметке Мемлекеттік активтерді басқарудың бірыңғай жүйесін бекіту өкілеттігі беріледі.

Стратегиялық нысандарды басқарудың жаңа тәсілдері

Стратегиялық нысандарды айқындаудың нақты өлшемшарттары енгізіліп, олар республикалық және өңірлік маңызы бар нысандар болып бөлінеді. Сондай-ақ тиісті салалық қорытындылар негізінде оларды тізімге енгізу және одан шығару тәртібі айқын әрі ашық түрде белгіленеді.

Жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық нысандарды ауыртпалыққа қою немесе иеліктен шығару туралы шешім қабылдау кезіндегі өкілеттіктері кеңейтіледі.

Мәміле жасалғаннан кейін мұндай нысандарға бес жыл бойы міндетті мониторинг жүргізу енгізіледі.

Мемлекеттік кәсіпорындарды реттеуді жетілдіру

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындарды құру шарттары нақтыланады. Атап айтқанда, тиісті нарықта бәсекенің болмауы немесе оның төмен деңгейде болуы және монополияға қарсы органның келісімі болған жағдайда ғана құру көзделеді.

Жедел басқару құқығындағы кәсіпорындарды құру жағдайлары да қайта қаралды. Олар білім беру, жұмыспен қамту, мәдениет, спорт салаларындағы әлеуметтік міндеттерді шешу және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мақсатында құрылмақ.

ӘКК қызметін жүйелі реттеу

Заң жобасы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметін кешенді түрде реттейтін жаңа тарауды енгізеді.

Олардың мақсаттары, құқықтық мәртебесі, жұмыс қағидаттары, функциялары, мүлікті қалыптастыру тәртібі және есептілікке қойылатын талаптар айқындалады.

Қызметтің ашықтығы, есеп берушілігі, жеке бизнеспен бәсекеге жол бермеу және мемлекет пен кәсіпкерлердің тең құқылы әріптестігі қағидаттары бекітіледі.

ӘКК-ге инвестиция тарту, "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторларды сүйемелдеу, экспорттық әлеуетті қолдау функциялары жүктеледі.

ӘКК-нің даму жоспарларында жаңа функцияларға байланысты негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) қамтылады. Сондай-ақ корпоративтік басқару күшейтіледі: инвестициялық құзыреті бар тәуелсіз директорларды енгізу және директорлар кеңесі жанынан инвестициялық комитет құру қарастырылады.

Өтпелі ережелерге сәйкес, бір жыл ішінде активтерге түгендеу жүргізу, қайта құрылымдау, бейінді емес және тиімсіз активтерден шығу, сондай-ақ ӘКК қызметін жаңа заңнама талаптарына сәйкестендіру міндеттеледі.

Мемлекеттік мүлікті есепке алу ашықтығын арттыру

Мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілетін мәліметтер тізбесі кеңейтіледі. Оған холдингтік компаниялардың корпоративтік құрылымы туралы деректер, соның ішінде бейрезиденттер жөніндегі ақпарат та енгізіледі.

Ұсынылып отырған өзгерістер квазимемлекеттік сектордың ашықтығын арттырып, активтерді басқаруға бақылауды күшейтуге және мемлекеттік меншікті басқаруда жүйелі тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Қорытындысында:

  • мемлекеттік қатысуы бар ұйымдардың коммерциялық және коммерциялық емес функцияларын нақты ажырату, олардың экономикалық өсімге қосатын үлесін барынша арттыру және азаматтардың әл-ауқатын көтеру;
  • мемлекеттік қатысуы бар ұйымдар портфеліне ортақ мақсаттарды айқындау және мемлекеттің, директорлар кеңесінің және атқарушы органның рөлі мен міндеттерін нақты бөлу;
  • әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өңірлік даму институттары ретінде жұмыс істеуіне құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар мен тетіктер қалыптастыру;
  • мемлекеттік қатысуы бар ұйымдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Құжат 18 наурызға дейін жария талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!