Қазақстанда импорттық азық-түлікті мемлекеттік сатып алу 6 желтоқсаннан бастап шектеледі

10:12, 26 қараша 2026
MKZ: 1579816

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

ҚР Үкіметі 2026 жылғы 23 қарашада "Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеудің кейбір мәселелері туралы" қаулы қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаулыға сәйкес, мемлекеттік сатып алу кезінде шетелде өндірілген азық-түлік тауарлары ұлттық режимнен алынып тасталады. Қазақстанда өндірілмейтін тауарларға бұл шектеу қолданылмайды.

Мұндай мемлекеттік сатып алуға қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қаулы қабылданған күннен бастап 10 күн ішінде ұлттық режимнен алып тасталатын тауарлардың тізбесін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісіп, бекітуге тиіс. Министрлік әр тауардың коды көрсетілген тізбені мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органға ұсынуы керек.

Қаулы 2026 жылғы 6 желтоқсанда күшіне енеді және екі жыл бойы қолданылады.

Құжат конституциялық құрылыс негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында қабылданған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!