Қазақстанда энергия үнемдеу талаптарын бұзғандарға қандай жаза қолдану ұсынылды

13:43, 25 қараша 2026
MKZ: 1579655

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Депутат Арман Қалықов 2026 жылғы 25 қарашада Құрылтайда өткен брифингте Қазақстанда энергия үнемдеу талаптарын сақтамағандарға алдымен ескерту жасап, кейін 50 АЕК-ке дейін айыппұл салу ұсынылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Арман Қалықовтың айтуынша, жұмыс тобында депутаттар бастапқыда ұсынылған айыппұл мөлшерін қолдамаған.

"Барлық пікірді ескере отырып, ең алдымен ескерту жасау туралы түзету енгіздік. Бұған дейін мұндай норма болған жоқ. Бірінші жылы ескерту жасалады. Екінші жылы 10 АЕК-тен басталатын айыппұл санкциялары қолданылады. Депутаттардың бұл ұсынысты қабылдайтынын немесе қабылдамайтынын әзірге білмеймін. Біз оны талқылауға ұсынып отырмыз. Энергия үнемдеу шараларын жүйелі түрде орындамағаны үшін салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері 50 АЕК-пен шектеледі. Яғни, айыппұл мөлшері 10-нан 50 АЕК-ке дейін болады, бірақ бірінші жылы ескерту жасалады. Ескерту жасалған сәттен нақты айыппұл салынғанға дейін екі жыл өтеді", – деді депутат.

Ол екінші заң жобасында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, айыппұл энергия үнемдеуді ынталандыруға және шығындарды азайтуға бағытталған мемлекеттік реттеу тетіктерінің бірі болмақ.

"Бұл шығындардың барлығын өз қалтамыздан төлейтінімізді түсінуіміз керек. Тіпті бюджеттік ұйымдарды, балабақшаларды, ауруханалар мен мектептерді жылыту шығындарын да өз қалтамыздан өтейміз. Өйткені олардың коммуналдық төлемдері салықтан түскен қаражат есебінен төленеді. Сондықтан біз ықпал ету шараларының бірі ретінде айыппұл салуды қарастырдық", – деді Арман Қалықов.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бір мектептің немесе балабақшаның энергия тиімділігін арттыру мақсатында жаңғырту жұмыстарына орта есеппен қанша қаражат жұмсалатынын сұрады.

"Ең алдымен еліміздің аумағының ауқымын ескеру қажет. Қазақстан – өте үлкен мемлекет. Оңтүстік өңірлерге қолайлы кейбір стандарттар солтүстік өңірлерге мүлдем сәйкес келмеуі мүмкін. Өйткені климаттық жағдайлар әртүрлі. Бұл мәселе нарық арқылы реттеледі. Біз оны жеке секторға береміз. Олар географиялық және климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, қандай стандарттарды қолдану керектігін өздері айқындайды. Сондай-ақ шығын көлемі жаңғырту жұмыстарының ауқымына байланысты болады. Кейбір нысандарда автоматтандырылған жылу пункттерін, жарық пен қозғалыс датчиктерін орнату жеткілікті болса, басқа нысандарда шатырды ауыстырып, қабырғаларды немесе терезелерді жылу оқшаулағыш материалдармен қаптау қажет болуы мүмкін. Сондықтан нақты соманы бірден айту мүмкін емес. Ол энергоаудит жүргізілгеннен кейін белгілі болады", – деді Арман Қалықов.

Энергоаудит құнына қатысты депутат әзірге нақты соманы айта алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда осындай қызмет көрсететін 200-ге жуық ұйым жұмыс істейді. 2012 жылы энергия үнемдеу туралы заң қабылданғаннан кейін мұндай ұйымдардың саны әлдеқайда көп болған. Алайда сұраныстың төмен болуына байланысты көптеген компания жұмысын тоқтатқан.

Арман Қалықов бұл нарықта бәсекелестікті дамыту энергоаудит құнын төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов энергоаудит құны 2 млн теңгеден басталатынын нақтылады.

Бұған дейін Құрылтай депутаттары энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!