Қазақстанда бедеулікті емдеу күндізгі стационар жағдайында жүргізіледі
© Сурет: pexels
Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 10 қарашадағы бұйрығымен елімізде стационарды алмастыратын жағдайларда медициналық көмек көрсету стандартына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Стандартқа жаңа ұғым қосылды:
- Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар (ҚРТ) – бедеулікті емдеу әдістері (жасанды ұрықтандыру, экстракорпоралдық ұрықтандыру және эмбрионды көшіру). Бұл әдістерді қолдану кезінде ұрықтану мен эмбрион дамуының бастапқы кезеңдерінің бір бөлігі немесе барлығы ана ағзасынан тыс жүзеге асырылады. Оған донорлық және (немесе) криоконсервацияланған жыныс жасушаларын, репродуктивтік ағзалардың тіндері мен эмбриондарды пайдалану, сондай-ақ суррогат ана болу қызметі де кіреді.
Сондай-ақ медициналық цифрлық жүйе (МЦЖ) ұғымы нақтыланды. Бұл – денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін цифрлық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін жүйе.
Құжатқа сәйкес, аурудың, операциялар мен манипуляциялардың кодтары анықталғаннан кейін диагнозға және клиникалық хаттамаларға (КХ) сәйкес клиникалық-диагностикалық зерттеулер (зертханалық, аспаптық және функционалдық), сондай-ақ бейінді мамандардың консультациялары жүргізіледі.
Амбулаториялық пациенттің медициналық картасынан №052/у нысаны бойынша үзінді көшірме рәсімделеді.
Жолдаушы денсаулық сақтау ұйымының жауапты маманы пациентті стационарды алмастыратын жағдайларда емдеуге жатқызуға жолдама береді. Одан кейін пациент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында емдеуге жатқызуға арналған жолдамаларды электрондық тіркеу, есепке алу, өңдеу және сақтау бірыңғай жүйесінде тіркеледі. Жолдамада жоспарланған емдеуге жатқызу күні мен АХЖ-10 кодтары бойынша негізгі диагноз көрсетіледі. Егер пациент операциялық емге жіберілсе, АХЖ-9 бойынша операция коды жазылады.
Емдеуге жатқызудың нақты күнін қабылдаушы медициналық ұйым кезектілік тәртібін ескере отырып белгілейді.
Осыдан кейін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымның немесе жолдаушы ұйымның жауапты маманы:
- пациентке таңдалған медициналық ұйымға жатқызылатын күн туралы ауызша немесе электрондық хабарлама (push немесе SMS) арқылы ақпарат береді;
- жоспарлы емдеуге жатқызу талонын береді;
- белгіленген күні міндетті түрде келу қажеттігін ескертеді.
Гемодиализ және перитонеальды диализ қызметтеріне жолдама берілген кезде қосымша нақтылау кодтары көрсетіледі: Z49.1 – экстракорпоралдық диализ (бүйрек диализі) және (немесе) Z49.2 – диализдің басқа түрі (перитонеальды диализ).
Стационарды алмастыратын жағдайда бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімді қажет ететін ересектеу жастағы науқас балаларды емдеу кезінде анасына, әкесіне немесе балаға тікелей күтім жасайтын өзге адамға баламен бірге болу мүмкіндігі беріледі. Оларға уақытша еңбекке жарамсыздық парағы немесе анықтамасы рәсімделеді.
Стационарды алмастыратын жағдайларда медициналық көмек алғашқы, екінші және үшінші деңгейлер бойынша жоспарлы түрде көрсетіледі.
Халыққа осындай медициналық көмек көрсететін барлық деңгейдегі медициналық ұйымдар МЦЖ-ға деректер енгізіп, есептілікті қамтамасыз етуге міндетті.
Үйде медициналық көмек көрсетуге (үйдегі стационарға) негіз болатын көрсетілімдер:
- инфекциялық асқыну қаупі жоғары және маусымдық вирустық аурулар кезінде оқшаулауды қажет ететін, ферменттік және бактерияға қарсы тұрақты орынбасушы терапия алатын балалардағы орфандық аурулар;
- тәулік бойы медициналық бақылауды қажет етпейтін жағдайлардағы инфекциялық аурулар;
- жіті және созылмалы аурулар немесе жарақат салдарынан пациенттің медициналық ұйымға өз бетінше бара алмайтын жағдайы.
Бірінші деңгейде стационарды алмастыратын жағдайда көрсетілетін медициналық көмекке мыналар кіреді:
- дәрігердің қарауы және медициналық көрсетілімдер бойынша бейінді мамандардың консультациялары;
- үйде медициналық көмек көрсетілген кезде клиникалық хаттамаларға сәйкес зертханалық зерттеулерге материал алу;
- пациенттің жағдайын динамикалық бағалау үшін медициналық көрсетілімдер бойынша диагностикалық қызметтер көрсету;
- дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдану, медициналық манипуляциялар (бұлшықет ішіне және көктамыр ішіне инъекция жасау, таңу) арқылы негізгі ауруды емдеу;
- паллиативтік медициналық көмек және мейіргерлік күтім көрсету.
Екінші деңгейде стационарды алмастыратын жағдайда медициналық көмек көрсетуге жаңа көрсетілім қосылды:
- қосалқы репродуктивтік технологияларды (ҚРТ) қолдану арқылы пациенттерді емдеу.
Екінші деңгейдегі мамандандырылған медициналық ұйымдарда және (немесе) тиісті бейіндегі бөлімшелерде бейінді маманның қорытындысы бойынша пациенттерге мынадай аурулар кезінде медициналық көмек көрсетіледі:
- әйелдер бедеулігі (овуляцияның болмауына байланысты, түтік факторына, жатыр факторына, жатыр мойны факторына байланысты, ерлер факторымен байланысты, нақтыланбаған және әйелдер бедеулігінің басқа да түрлері); ерлер бедеулігі.
Екінші деңгейде стационарды алмастыратын жағдайда көрсетілетін медициналық көмекке мыналар кіреді:
- дәрігердің қарауы және медициналық көрсетілімдер бойынша бейінді мамандардың консультациялары;
- клиникалық хаттамаларға сәйкес зертханалық және патологиялық-анатомиялық зерттеулерді (операциялық және биопсиялық материалдарды гистологиялық зерттеу, цитологиялық зерттеулер) қоса алғанда, диагностикалық қызметтер;
- дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдану, медициналық манипуляциялар және (немесе) операциялар жасау арқылы негізгі ауруды емдеу;
- гемодиализ және перитонеальды диализ жүргізу;
- химиотерапия және сәулелік терапия;
- медициналық оңалту;
- қанмен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
- қосалқы репродуктивтік технологияларды қолдану.
Екінші деңгейде стационарды алмастыратын жағдайда емдеу ұзақтығы пациент емдеуге жатқызылған сәттен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды. Алайда гемодиализ, перитонеальды диализ, химиотерапия, сәулелік терапия, бағдарламалық терапия және медициналық оңалту алып жүрген, онкогематологиялық және гематологиялық аурулар бойынша емделіп, бақылауда жүрген, сондай-ақ бедеуліктен ем қабылдап жатқан пациенттерге бұл шектеу қолданылмайды. Туберкулезге қарсы препараттарды қабылдау кезінде жағымсыз әсерлер пайда болып, емделіп жатқан пациенттер де осы ерекшелікке жатады.
Гемодиализ, перитонеальды диализ, химиотерапия, сәулелік терапия және бағдарламалық терапия алатын пациенттердің емделу ұзақтығы емдеу бағдарламасына сәйкес белгіленеді.
Медициналық оңалту курсынан өтетін пациенттердің емделу мерзімі оңалту бағдарламасына сәйкес анықталады.
Онкогематологиялық және гематологиялық аурулары бар пациенттерді емдеу және бақылау ұзақтығы емдеу бағдарламасы мен клиникалық хаттамаларға сәйкес белгіленеді.
ҚРТ қолдану арқылы бедеуліктен емделетін пациенттердің емделу ұзақтығы емдеу бағдарламасы мен клиникалық хаттамаларға сәйкес анықталады.
Ал туберкулезге қарсы препараттарды қабылдау кезінде жағымсыз әсерлер пайда болған пациенттерді емдеу ұзақтығы он жұмыс күнінен аспайды.
Стационарды алмастыратын жағдайда емделетін аурулар тізімі кеңейтілді. Оған мыналар қосылды:
- ерлер бедеулігі;
- овуляцияның болмауына байланысты әйелдер бедеулігі;
- түтік факторына байланысты әйелдер бедеулігі;
- жатыр факторына байланысты әйелдер бедеулігі;
- жатыр мойны факторына байланысты әйелдер бедеулігі;
- ерлер факторына байланысты әйелдер бедеулігі;
- әйелдер бедеулігінің басқа да түрлері;
- нақтыланбаған әйелдер бедеулігі.
Сондай-ақ стационарды алмастыратын жағдайда жүргізілетін операциялар мен манипуляциялар тізімі толықтырылды:
- қан тамырларына жасалатын басқа да манипуляциялар;
- классикалық экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ), ұзақ хаттама;
- классикалық экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ), қысқа хаттама;
- ИКСИ (сперматозоидты жұмыртқа жасушасының цитоплазмасына енгізу) әдісімен экстракорпоралдық ұрықтандыру, ұзақ хаттама;
- ИКСИ әдісімен экстракорпоралдық ұрықтандыру, қысқа хаттама;
- ынталандыру кезеңінде аяқталмаған ЭКҰ.
- Бұйрық 24 қарашадан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, стационарды алмастыратын жағдайлар – тәулік бойы ауруханада жатуды қажет етпейтін, бірақ күндізгі уақытта 4-8 сағат бойы тұрақты медициналық бақылау мен үй жағдайында жасау қиын процедураларды қажет ететін пациенттерге көрсетілетін медициналық көмек түрі. Оған емханалардағы күндізгі стационарлар мен үйдегі стационарлар жатады. Бұл тәсіл пациенттерге әдеттегі өмір салтын бұзбай ем қабылдауға мүмкіндік береді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:56, 17 қараша 2026
Астанада жұмысшыларға шалшық су шашып кеткен жүргізуші 10 тәулікке қамалды
-
16:51, 17 қараша 2026
Алдағы күндері Алматыда ауа температурасы +15°С-қа дейін көтеріледі
-
16:43, 17 қараша 2026
«Balapan»-ның күзгі базарлығы
-
16:41, 17 қараша 2026
Шымкентте «Shymkent AI Forum – 2026» өңірлік форумы өтіп жатыр⠀
-
16:37, 17 қараша 2026
Қазақстандықтарға WhatsApp пен Telegram-дағы алаяқтық туралы ескертілді





