Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі: депутат экономика үшін жағымсыз салдарларды атады
© Фото: primeminister.kz
Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев 2024 жылғы 23 қаңтардағы палата отырысында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі неге әкелуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол 2017 жылдан бастап Халықаралық Транскаспий бағыты өз жұмысын бастағанын және Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия және Еуропа бағыттары бойынша контейнерлер, транзиттік жүк тасымалы бойынша мультимодальды тасымалдау қызметі тұрақты негізде іске қосылғанын еске салды.
"Логистикалық тізбектің өзгеруіне байланысты бұл дәліз Ресей мен Беларусь арқылы өтетін "Солтүстік дәлізге" балама ретінде әлемдік маңызға ие болды. Алайда, бүгінгі күні осы дәліздің толыққанды жұмыс істеуіне белгілі бір табиғи себептермен болған Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі теріс әсер етеді. Тек 2023 жылдың маусымынан 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде теңіз деңгейі 50 см–ге төмендеді. Айта кету керек, Ақтау портының акваториясында теңіз деңгейінің 10 см-ге төмендеуі жүк тасымалы рентабельділігінің төмендеуіне әкелді", – деп атап өтті сенатор.
Оның айтуынша, мәселені шешу үшін негізгі тар дәліздерді жоюға бағытталған Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия аумағы бойынша 2022-2027 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, іске асырылуда.
"Осы жол картасына сәйкес, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті навигациялық тереңдіктерді құру үшін Ақтау қаласының теңіз портының акваториясында және кіру арналарында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Ақтау портының акваториясында теңіз түбін тереңдету жобасы 2024-2028 жылдарға арналған теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген. Сома 42 млрд теңгені құрайды. Жобалау-сметалық құжаттама, сараптаманың оң қорытындысы әзірленді. Жобалау-сметалық құжаттама бойынша жұмыс көлемі үш кезеңнен тұрады. Құны 20 млрд теңге болатын бірінші кезең 2025 жылы басталуы тиіс. Алайда, бүгінгі күні бұл жұмыстарды орындауға қаражат көзі көзделмегені анықталды, бұл өз кезегінде осы жобаны уақтылы іске асырмауға, сондай-ақ тұтастай алғанда Транскаспий халықаралық көлік бағытын тұрақты іске асыруға әсер етеді", – деді ол.
Осыған байланысты ол Премьер-Министр Олжас Бектеновтан Ақтау портының түбін тереңдету жобасының бірінші кезеңін іске асыруға қаражат бөлуге жәрдемдесуді сұрады. Бұл Транскаспий бағытының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, еліміздің халықаралық тасымалдар саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
21:53, 23 қаңтар 2025
Көкшетауда дәрігерлерге күш көрсеткен ер адам қамалып, ал әйелі айыппұл арқалады
-
21:45, 23 қаңтар 2025
Саранда дүкен сатушысын пышақтап өлтірген күдікті ұсталды
-
21:29, 23 қаңтар 2025
Абай облысында жоғалған малшы табылды
-
21:06, 23 қаңтар 2025
Қазақстан Универсиаданы 14 медальмен аяқтады
-
20:52, 23 қаңтар 2025
СҚО-да үй өртеніп, бір отбасының бес адамы көз жұмды