Саранда дүкен сатушысын пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

21:45, 23 қаңтар 2025

© Сурет: pexels

Қарағанды облысының Саран қаласында дүкен сатушысын пышақтап өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаланың 50 жастағы тұрғынының айтуынша, бейтаныс ер адам пышақпен қорқытып, дүкен кассасына қол салмақ болған. 27 жастағы әйел қарсылық көрсеткен. Ер адам келіншекті пышақтап тастаған. Оқиға бақылау камерасына түскен. Полицейлер оны бір тәуліктен соң ұстады.

Бейнежазбаларда келіншектің бетперде киген әлдекімен алысып жатқаны түсіп қалған. Күдікті қолын сермеген сайын әйел пышақ жарақатын алып отырған. Ер адам оны өлтірген соң кассадағы 30 мың теңгені алып кеткен.

Дүкенмен қабырғалас орналасқан асхана иесі орнында болғанымен, айқай-шуды естімеген. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

"Кеше тамақ пісіріп болған соң "Кофе аламын" деп ойладым. Сондай жағдайдан кейін қорқып кеттім. Оның үстіне, полиция келіп, "Адам көрдіңіз бе?" деп сұрады. Әдетте терезеге 40 рет қараушы едім. Сол күні қараған жоқпын". Венера Айтмағамбетова

Таңғы 7-де ашылатын дүкен қалаға Қарағандыдан кіреберісте орналасқан. Әдетте осы уақытта бұл жерде адам қарасы қалың және сауда орнына кіретіндер көп болады екен. Алайда қанды қылмыс болған сәтте дүкенге ешкім бас сұқпаған.

"Кәсіпкерлікпен айналысайық" деп, өздері дүкен ашып жүгіріп жүрген. Ешкімге зияны жоқ. Капюшоны бар куртка киіп келген. Бетіне бетперде киген, қолғабы, қолында үлкен пышағы бар. Видеоны қарап отырсақ, пышақпен 15 рет ұрған. Видеоға түспеген жері де бар. Білмейміз, қанша рет пышақ салғанын". Марқұмның туысы Төлеубек Мұқархан

Полиция бүгін, 23 қаңтарда күдіктіні ұстағанын мәлімдеді. Пышақ та тәркіленген.

Тергеу мәліметінше, күдікті Қарағандыдан таксимен жетіп, ақшасы болмай, телефонын жүргізушіге кепілге қалдырған. Сол телефонды қайтару үшін дүкенге пышақпен кірген.

"Қылмысқа ақша үшін барған. Полиция күдіктіні дүкеннен кетіп бара жатқанын көрген куәгерлерді анықтады. Барлығының жауабы қылмыстық іске тіркелді". Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров

27 жастағы Гүлістан Тілеуқабыл жолдасы екеуі бір жылдан бері дүкенінің саудасын дөңгелеткен. "Балаларын жеткіземін" деп, ерте ашылып, түн жарымға дейін жұмыс істепті. "Маңдай тер, табан ақысын қолдан бермей, қарсы тұрғаны да содан" дейді марқұмның туыстары.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!