Иран архивтері Қазақстан тарихына қатысты жаңа деректерді ашты

15:30, 11 желтоқсан 2025

© Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкианның бірлескен мәлімдемесі барысында Ираннан Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбалар табылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

"Масуд Пезешкиан бастаған мәртебелі меймандар Иран архивтерінде сақталған бірқатар көне қолжазбалардың көшірмелерін алып келді. Онда XVIII ғасырдағы Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректер бар. Бұл маңызды материалдар сол кезеңдегі Қазақ хандығының халықаралық байланыстарын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев мәдениет және ақпарат министріне Иранның салалық мекемелерімен бірлесіп көне қолжазбалардың көрмесін ұйымдастыруды тапсырғанын атап өтті.

"Сонымен қатар ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасына арналған тарихи-мәдени кешенді елімізде салу жөнінде Иран тарапымен келісімге келдік", – деді Президент.

Акорда таратқан ақпаратқа сәйкес, тараптар білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Денсаулық сақтау саласында екі ел мамандарының тәжірибе алмасуы, ғылыми жетістіктерімен бөлісуі және біліктілігін арттыру мәселелері де қарастырылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!