Германияда Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен қазақстандық ұсталды

17:25, 29 сәуір 2026

© Сурет: pixabay

Германияда Қазақстан азаматы Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 29 сәуірде Германия Федералдық прокуратурасы мәлімдеді. Ал 28 сәуірде Берлин прокуратурасы оны қамауға алу туралы тиісті ордер берген.

"Қазақстан азаматы Сергей К. Федералдық қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан ұсталды... Оны шетелдік барлау қызметімен жұмыс істеді деген күдікке негіз болатын елеулі дәлелдер бар", – делінген прокуратура мәліметінде.

Қамауға алу ордерінде қазақстандыққа мынадай айыптар тағылған:

"Сергей К. кемінде 2025 жылдың мамыр айынан бастап Германия аумағында жүріп, Ресей барлау қызметімен тұрақты байланыста болған. Ұсталғанға дейін ол өз кураторына түрлі сипаттағы көптеген мәліметтерді жеткізіп отырған. Олардың қатарында Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі туралы, сондай-ақ неміс қорғаныс өнеркәсібі, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтар әзірлейтін компаниялар жайлы деректер бар. Бұдан бөлек, Сергей К. бірнеше рет Берлиндегі қоғамдық ғимараттардың және автожолдардағы әскери колонналардың фотосуреттерін жіберген. Олардың ішінде НАТО-ға мүше мемлекеттердің біріне тиесілі колонна да болған. Сондай-ақ ол барлау қызметіндегі байланыс адамына Германиядағы диверсия жасауға қолайлы нысандар туралы ақпарат беріп, диверсиялық-тыңшылық тобына қосымша адамдар тартуды ұсынған".

29 сәуір күні оған ресми түрде қамауға алу ордері табысталуы тиіс.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ақпаратты анықтап жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін Грузияда Қазақстан азаматы ірі мөлшерде есірткімен ұсталғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!