Ғалымдар Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне жататын ежелгі мавзолейді тапты
© Фото: zakon.kz
Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері ауқымды археологиялық экспедиция барысында Жантай шатқалында Алтын Орда дәуірінің және Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне жататын ескерткішті тапты. Бұл ақпаратпен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Экспедиция бағыты Ертістің сол жағалауын, Қызылқақ көлін, Өлеңті, Шідерті және Сілеті өзендерінің аңғарларын қамтып, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының аумағы арқылы өтеді.
Зерттеу жұмыстары жүргізілген маңызды нысандардың бірі – Жантай қонысы. Қазба жұмыстарының бастапқы кезеңінде-ақ археологтар бұл жерде ірі сәулет құрылысының болғанын айғақтайтын белгілерді анықтады. Мұны кейінгі тарихи кезеңдерге тән емес күйдірілген кірпіштердің көптеп табылуы, сондай-ақ аумақты заманауи лидар технологиясы мен георадар арқылы сканерлеу нәтижелері дәлел болды.
Кейінгі зерттеулер табылған кірпіштердің көлемі 25×25 сантиметр екенін және олардың "Алтын Орда стандартына" сәйкес келетінін көрсетті. Дәл осындай құрылыс материалы Алтын Орда дәуірінде сарай, мешіт, кесене және басқа да монументалды сәулет нысандарын тұрғызуда кеңінен пайдаланылған.
"Қазба жұмыстары барысында археологтар жерлеу орындарының іздерін және сазды ерітіндімен қаланған ортағасырлық қабырға қалдықтарын анықтады. Алдын ала жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сәйкес Жантай қонысындағы сәулет кешенінің қирандылары XIV-XV ғасырларға жататын дала ақсүйектерінің кесенесі болуы мүмкін. Ол Алтын Орда кезеңі мен Қазақ хандығының қалыптасу дәуіріне тән сәулет ескерткіштерінің қатарына жатады. Сонымен қатар кесене маңынан сол кезеңге тиесілі ауқымды қорым да анықталды. Археологиялық ескерткіштің барлық аршылған бөліктері мұқият тіркеліп, роботтандырылған геосканердің көмегімен үш өлшемді цифрлық модельге айналдырылды. Болашақта бұл цифрлық көшірме археологиялық нысанды сақтап қана қоймай, жоғалған сәулет ескерткішін үш өлшемді үлгіде қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді", делінген хабарламада.
Студенттердің өндірістік тәжірибесінің жетекшісі Асқар Әбілдин бұл экспедицияның Алтын Орда дәуірін тереңірек зерделеуге, археологиялық зерттеулерге тікелей қатысу арқылы тәжірибе жинақтауға және Қазақстан тарихының тың беттерін ашуға мүмкіндік беретінін айтты.
"Қазба жұмыстары барысында киімге тағылған металл әшекейлер мен моншақтар жиынтығы табылды. Металл бұйымдарға жүргізілген рентген-флуоресценттік жедел талдау олардың құрамында қорғасын мен қалайы мөлшері жоғары қола қорытпасынан жасалған", - дейді ведомство.
Археолог Елена Тушеваның пікірінше, бұл Алтын Орда дәуірінде Ертіс өңіріндегі металлургия ісінің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді.
Моншақтар жиынтығын зерттеу нәтижелері де ерекше қызығушылық тудырды. Талдау олардың барлығының сырттан әкелінгенін көрсетті. Бұл орта ғасырларда өңір тұрғындарының Еуразияның шалғай аймақтарымен тығыз экономикалық және мәдени байланыс орнатқанын көрсетеді.
Табылған жәдігерлердің қатарында табиғи таралу аймағы Үнді мұхиты саналатын каури бақалшағы да бар. Биоархеолог Наталья Миллердің пікірінше, бұл – Ұлы Даланы ғасырлар бұрын Оңтүстік Азия өркениеттерімен байланыстырған ұзақ сауда жолдарының болғанын дәлелдейтін тағы бір маңызды айғақ.
Экспедиция жетекшісі, Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, бұл олжалар өңірдің тарихи дамуы туралы түсінікті толықтыра түсіп, Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
19:58, 1 шілде 2026
Ұлттық Банк теңгеге шаққандағы доллар бағамына қатысты мәлімдеме жасады
-
19:53, 1 шілде 2026
Алматы маңындағы өзен кенерінен асып, супермаркет пен бірнеше көлікті су басты
-
19:27, 1 шілде 2026
Құрылтай сайлауы: қаржыландыру көздері мен шығыстар түрі аталды
-
18:46, 1 шілде 2026
Құрылтай сайлауына қатысуға жеті партия рұқсат алды
-
18:25, 1 шілде 2026
ОСК Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған сайлау құжаттарының нысандарын айқындады





