Францияда ұрланған 300 млн теңгеге жуық қазына Мәскеуден табылды

17:44, 28 сәуір 2026

© Сурет: customs.gov.ru

Франция азаматы өз еліндегі музейден құнды жәдігерлерді ұрлап, оларды Мәскеуде сатпақ болған. Алайда ол Ресейдің құқық қорғау органдары тарапынан ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Федералдық кеден қызметі мәліметінше, 29 жастағы Антони Кастелейн Сен-Реми музейі қызметкері болып жұмыс істеген. Ол қызметтік мүмкіндігін пайдаланып, музейдегі кейбір экспонаттарды Франциядан заңсыз алып шыққан.

Ұрланған заттар – Рим империясы дәуіріндегі және Наполеон III кезеңіндегі алтын тиындар. Барлық жәдігердің жалпы құны шамамен 53 млн рубльді (324 890 000 теңге) құрайды.

Белгілі болғандай, 2023–2024 жылдары ол бірнеше рет Мәскеуге барып жүрген. Кедендік тексерістен өту үшін ұрланған тиындарды әмиянының ұсақ ақша салатын бөлігіне жасырып, еуроценттермен араластырып отырған. Ал Мәскеуге келген соң, оларды нумизматикалық ұйымдар мен жеке коллекционерлерге сатып отырған.

Кейін Интерпол арқылы Реймс қаласында ұрланған тиындарға іздеу жарияланғаны туралы ақпарат түскен.

Жүргізілген жедел шаралар барысында 79 зат табылып, тәркіленді. Сараптама нәтижесінде олардың 78-і шынайы тарихи құндылық екені, ал бір тиынның көшірме екені анықталды.

Қазір күдіктіге 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл салу қаупі төніп тұр.

Бұған дейін Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттау жоспарланып отырғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!