Еліміздің 2 мыңнан астам бүлдіршіні Президент шыршасына қатысты

20:46, 26 желтоқсан 2016

Президент шыршасы бүгін еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Оқу озаттары мен түрлі халықаралық жарыстарда топ жарған дарындар, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан бүлдіршіндерге Елбасы атынан бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Мемлекет басшысымен кездесуді әрбір бала армандайды. Солардың бірі – Байқоңыр қаласынан келген 12 жастағы Аружан. Ол Президентке хат жолдап, осы жаңажылдық кешке қатысқысы келетінен айтқан. Ал Елбасының бейнеқұттықтауы жеткіншектер үшін тосын сый болды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Бұл – ең алдымен балалардың мерекесі, кішкентайлардың қуанышы. Сендер – тәуелсіз елде өсіп келе жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар. Мен өздеріңді және елміздегі барлық балаларды Жаңа жылмен шын жүрегіммен құттықтаймын.

Аружан Кенжебекова, оқушы /Байқоңыр қаласы/

-Мен көп балалы отбасынан шықтым. Отбасымда 4 бауырмыз. Соның ішінен мен ең алғашқы Президент шыршасына келіп тұрмын. Сондықтан мен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымды білдіремін.

Сырбойылық 200-ге жуық оқушы ертегілер әлемінің кейіпкерлерімен бірге саяхат жасап, бағалы сыйлыққа кенелді.

Балалардың шаттық мерекесіне биыл «ЭКСПО-2017 жаңажылдық от шашулары» тақырыбы арқау болды. Павлодарлық балғындардың бір тобы халықаралық көрмеге сай костюмдерін киіп келді. Ал Екібастұз қаласынан келген Баян Боқашеваның киімі барлығынан ерекшеленді. 

Баян Боқашева, оқушы /Екібастұз қаласы/

-Президенттік шыршаға ерекше костюм кигім келді. Анам екеуміз Астана қаласындағы «Бәйтерекке» ұқсас тәж жасадық. Бұл мейрамға бір апта дайындалдық. Тәжді қағаздан жасадық.

Күнгейде өткен Президенттік шырша еліміздің 11 миллионыншы қазағы Мұхтар Әбдірахым мен 17 миллионыншы тұрғыны Алтынбек Есқараевтың қатысуымен есте қалды. Оларға жаңажылдық сыйлықтар тарту етілді. 

Жанель Ерімбетова, балалар үйінің тәрбиеленушісі 

-Мен өз отбасыма барғанды, ойнағанды жақсы көремін. Аяз атадан көптеген сыйлықтар күтемін.

Мың рет естігенше, бір рет көр. Шығысқазақстандық балғындар жаңажылдық ертегілік қойылымдарды тамашалады. Жамбыл атындағы драма театрының ұжымы жыл он екі айдың басты кейіпкерлерін сомдады.

Әйгерім Асхатқызы, балалар үйінің тәрбиленушісі

-Жаңа жыл, жаңа бақыт жаңа ғасы

Ізгілік бірлік тауып орта ғысыр.

Құт болып, береке бер халқымызға,

Мерейін, мәртебесін биікке асыр.

Ақтөбелік 200 бүлдіршіндер де шат-шадыман қуанышқа кенелді. Балалардың барлығына бағалы сыйлықтар үлестірілді. Түрлі халықаралық жарыстарда аймақтың атын шығарып жүрген жеткіншектер дән риза.

Әлия Адай, оқушы

-Мен осы шыршаға келгеніме қуаныштымын. Бұл шыршаны бәріміз айналып, биледік. Түрлі қойылымдар көрсетілді.

 Мансұр Есқожин, тілші

-Еліміздің болашағы балалар десек, бүгінгі Елбасы шыршасына қатысқан 2 мыңнан астам бүлдіршін елімізді жаңа белестерге жеткізетіндігі айдан анық. Бүгінде оқу озаттары: «Ертеңгі күні кәсіби білікті маман боламыз «, – дейді. Әрқайсысы келе жатқан жаңа 2017 жылы Қазақстан атын әлемге паш етуге даяр. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Нұрлан Жақыпбек, Олжас Керейхан, Ақмарал Есімханова, Нұрбек Байбосын, Айнадин Молдабеков 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!