Елімізде әйелдер есімімен аталатын көшелер саны аз

23:16, 8 наурыз 2017

Қазақстанның қай қаласын алып қарасаңыз да, әйел-аналардың есімімен аталатын көшелер жоқтың-қасы. Айталық, алып шаһарларда мыңға жуық көшеден болса, соның тек 10-15-іне ғана қыз-келіншектердің есімі берілген. 

Ал Тәуелсіз еліміздің дамуы жолында тер төккен аналарымыз жетіп артылады. Олардың есімдері неге ұлықталмай жатыр?

Ақтөбе қаласында қыз-келіншектердің атымен аталатын бар болғаны он шақты көше бар. Олардың ең үлкені Әлия Молдағұлова, Ғазиза Жұбанова, Мәншүк Мәметова атында. 

Ал осыдан тура бір жыл бұрын шаһардағы атаусыз көшенің біріне қазақтан шыққан тұңғыш әйел-дәрігері Аққағаз Досжанованың есімі берілді. Бұл көшеде медицина университеті орналасқан. Студенттер, жастар тарихи тұлғаны тани ма?

БЛИЦ: 

- Білмедім, кешіріңіз. 

- 2016 жылы берілді ғой деймін. Аққағаз Досжанова біздің қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер. 

- Аққағаз Досжанова қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз.

Қазақстанның көп қаласында кездесетін көшенің бірі – 8 наурыз. Бұл атау тек Қарағанды, Павлодар және Өскеменде жоқ екен. 

Ал Алматы қаласы оны вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен ауыстырған. Алып шаһар Алматыда аналардың есімімен аталатын тек 20-ға жуық көше бар. Соның бірі Балжан Бөлтірікова есімімен аталатын болды.

Динара Асанова, «Қазақстанның танымал ханымдары» көрмесін ұйымдастырушы:

 - Балжан Бөлтірікова көрнекті тұлға. Ол Сыртқы істер министрі болған тұңғыш әйел. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен баяндама жасаған алғашқы қазақ қызы. Атақты дипломат Генри Киссинджер өзінің мемуарында Балжан Бөлтірікованы білікті дипломат деп жазады.  

Орал қаласында елге еңбегі сіңген аналарымыздың атымен аталатын 12 көше бар. Соның бірі – Бопай ханым.

Құралай Закарина, Бопай ханым көшесінің тұрғыны: 

-Бопай ханымның кім екенін бұрын білмедік. Осы өзіміздің көшемізге Бопай ханымның атын берген соң ғана қызығушылығымыз туып, іздестіріп, қарап, оқып көрдік. Ол бұрын ел басқарған, Әбілқайыр ханнан кейін балаларын өсіріп, ел басқарған соң оны хан-ана деп атаған екен.

Ал еліміздің орталығы Қарағанды қаласында барлығы 700-ден астам көше бар. Соның тек 13-і ғана қыз-келіншектердің есімімен аталады. 

Өлкетанушы, ономастикалық комиссияның мүшесі Темірғали Аршабековтың айтуынша, аналарымыздың есімін көшеге беруге өтініш өте аз түседі екен.

Темірғали Аршабеков, өлкетанушы:

-Біз қаншама әйел адамдарды ардақтаймыз. Бірақ та бұл екінші, үшінші орында қалып келеді деп айтуға болады. Қазіргі талап бойынша, заң бойынша қоғамдық келісім керек. Қоғамдық сана өзгеру керек. Ол әлі де болса уақытты қажет етеді.

Әр қалада кездесетін Клара Цеткина мен Роза Люксембург көшелері Қарағандыда бар. 

Ал Валентина Терешкова көшесінің тарихы бөлек. 1963 жылы ғарыштан оралған соң ол бірер күн осында тынығады. Сол кезде халық қонақүй маңын күнде торуылдап, онымен кездесуге, суретке түсуге құштар болған деседі көнекөз қариялар. 

Мына бейнеде ғарышкер әйел қонақүй болконына шығып, көпшілікке қол бұлғайды.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

-Өкінішке орай, Қарағандыда Асфальтная, Вагонная, Бензинная дейтін Кеңес заманынан қалған керексіз атаулар әлі де толып жатыр. Оларды ардақты аналарымыздың есімімен алмастыру жұмыстары кенже қалып келеді. Айталық, облыстағы ономастикалық комиссияға көше атауын өзгерту туралы барлығы 108 өтініш түссе, соның тек біреуі ғана әйел есімі екен. Ол белгілі өнер қайраткері Жамилә Шашкина анамыз.  

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Ұлан Нарымбек, Ерденбек Жылқайдарұлы, Мансұр Есхожин, Васиий Савкин, Әсет Асайынов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!