EGov бұзылып, 15 млн адамның деректері тарап кеткені рас па - цифрлық даму министрлігінің мәлімдемесі

18:34, 12 тамыз 2026
MKZ: 1560989

© Фото: zakon.kz

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әлеуметтік желіде пайда болған ақпаратқа қатысты техникалық тексеру жүргізгенін әрі eGov ақпараттық жүйелерінде бұзушылық анықталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы құзырлы ведомство бүгін, 2026 жылы 12 тамызда ресми мәлімдеме жасады:

"Бүгін ақпарат кеңістігінде eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматының деректері тарады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізді. eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталған жоқ. Сонымен қатар, біз darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау барысында бұл әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталды. Және ЕGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі еместігі белгілі болды".

Министрлік мұны растайтын басқа да фактілер барын алға тартады. Атап айтқанда, жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді.

"Бұдан бөлек, eGov жүйелерінде хабарландыру авторы көрсеткендей, паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа тәсілмен қалыптастырылады және сақталады. Сондықтан тағы да ресми түрде мәлімдейміз: eGov жүйесі бұзылған жоқ. "15 миллион Қазақстан азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық ресурстар өкілдеріне жеке тоқталғымыз келеді. Darknet-тегі анонимді хабарландырудың өзі жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын дәлелдемейді. Миллиондаған азаматтың дербес деректері туралы сөз болған жағдайда, ақпаратты белгіленген факт ретінде таратпас бұрын, ең алдымен оның шынайылығын мұқият тексеріп алған дұрыс". ЖИЦДМ баспасөз қызметі

Бұған дейін Қазақстанда eGov порталының жаңа нұсқасы іске қосылғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!