Басып озамын деп басына қауіп төндірді: Ақтөбеде 11 жүргізуші жауапқа тартылды

09:57, 12 тамыз 2026
MKZ: 1560873

© Фото: Zakon.kz

Ақтөбе облысында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қозғалысына бақылау күшейтілді.

Самара – Шымкент автожолының Ақтөбе қаласынан Хромтау бағытына қарай орналасқан учаскесінде полиция қызметкерлері заманауи технологияларды, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) тиімді пайдалануда.

Аталған жол учаскесінде жол-көлік оқиғалары салдарынан адам шығыны тіркеліп отырғанына қарамастан, кейбір жүргізушілер жолдағы қауіптің жоғары екенін біле тұра, өрескел құқық бұзушылықтарға жол беруде.

Дрондардың көмегімен жол қозғалысы әуеден бақылауға алынып, әсіресе қарсы қозғалыс жолағына шығу секілді адам өміріне тікелей қауіп төндіретін қауіпті маневрлер анықталуда. 10-12 тамыз аралығында өткізіліп жатқан "Қауіпсіз жол" іс-шарасы басталғалы бері қарсы қозғалыс жолағына шығудың 11 фактісі тіркелді.

Қарсы қозғалыс жолағына шығу — жолдағы ең қауіпті маневрлердің бірі. Мұндай сәтте жүргізуші өз өмірін ғана емес, қарсы бағытта келе жатқан көліктердегі адамдардың да өмірін қатерге тігеді. Бір ғана қате шешім ауыр зардаптарға, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін.

Ең өкініштісі — жолдағы қауіп пен осы учаскеде бұрын болған қайғылы оқиғалардан хабардар бола тұра, кейбір жүргізушілер бірнеше минут уақыт үнемдеу немесе басып озуға асығу үшін белгіленген қозғалыс тәртібін бұзады.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолдағы әрбір әрекеттің жауапкершілігін сезінуге шақырады. Бір сәттік асығыстық пен орынсыз басып озу орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға, басып озу кезінде барынша сақ болуға және қандай жағдайда да қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!