Дубайға билет алған қазақстандықтар не істейді: Рейстер тағы да тоқтатылды

15:38, 18 тамыз 2026
MKZ: 1561949

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Air Astana және FlyArystan Дубайға ұшатын рейстерінің уақытша тоқтау мерзімін тағы да ұзартты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстандық жолаушыларға Дубайға ұшатын рейстерге қатысты өзгерістер туралы ескертілді.

Air Astana Парсы шығанағындағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Алматы мен Астанадан Дубайға ұшатын рейстерді 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін тоқтатты. Ал қазан айындағы рейстер саны қысқартылады.

Компания тоқтатылған рейстердің жолаушыларына билет сатып алынған класта 2026 жылғы 20 қарашаға дейінгі рейстерге тегін қайта брондау мүмкіндігін ұсынды.

Сондай-ақ жолаушылар билет құнын толық қайтарып ала алады. Ол үшін билет сатып алынған жерге жүгіну қажет. Бұдан бөлек, Air Astana-ның басқа халықаралық бағыттарына билетті тегін ауыстыруға болады. Егер жаңа бағыттағы тариф қымбатырақ болса, айырмашылығы төленеді.

FlyArystan да Ақтау-Дубай-Ақтау бағыты бойынша рейстердің уақытша тоқтатылуын 30 қыркүйекке дейін ұзартты.

Бұған дейін лоукостер бұл бағыттағы рейстерді 15 қыркүйекке дейін тоқтатқан болатын. Қазір Ақтау-Дубай-Ақтау бағытына билеттер 3 қазаннан бастап қысқы кесте аясында қолжетімді.

Рейсі тоқтатылған FlyArystan жолаушылары билетін кейінгі күнге айыппұлсыз тегін ауыстыра алады немесе билет құнын толық қайтарып ала алады.

Әуе компаниялары жағдай өзгерген жағдайда қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!