«Бұл – мегаполистерге тән дерт»: Астанада жол кептелісі мәселесі қашан шешіледі

16:02, 26 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz

2025 жылғы 26 желтоқсанда мәслихат отырысында Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Карагойшин жол кептелісі мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бұл мәселені мәслихат депутаты Бауыржан Смаилов көтерді. Оның айтуынша, жағдай күрделене түскен. Егер бұрын кептелістер тек таңғы қарбалас уақытта байқалса, қазір "күндіз де, түнде де кептеліс бар".

"Кептелістердің артып келе жатқанымен толық келісемін. Алайда атап өткім келеді: биылғы жылдың небәрі тоғыз айының ішінде жол полициясының деректері бойынша қаладағы автокөліктер саны 10 пайызға өсті. Бұл – соңғы үш жылдағы көрсеткіштен де жоғары. Яғни қаланың автокөліктенуі артып келеді, ал Астана – тартылыс орталығы. Жол кептелісі – өсіп келе жатқан мегаполистерге тән құбылыс. Астана қарқынды дамып жатыр, күн сайын жақсарып келеді", – деді Асхат Карагойшин.

Оның сөзінше, қазіргі таңда басты басымдық азаматтардың жылдам қозғалуына мүмкіндік беру, яғни қоғамдық көлікті дамыту, оның қозғалысын жеделдету және қоғамдық көлікті пайдаланатын тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау болып отыр.

"Жедел нәтиже күтпеулеріңізді сұраймын. Таңертеңгі көлік жағдайын жұмыс уақытының басталуын ауыстыру арқылы жақсарттық. Алайда кешкі уақытта бір мезгілде көп адам жұмыстан шығады, бүгінгі кептелістердің негізгі себебі де – осы. Астана әкімдігі бұл мәселемен белсенді түрде айналысып жатыр. Биыл автобустар саны артты. Жұмыс жалғасады, алғашқы елеулі нәтижелерді алдағы екі жылда көреміз", – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, 2025 жылғы 22 желтоқсанда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарлары туралы айтқан болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!