Бублик Австралиядағы матчтағы атмосфера туралы екіұшты пікір білдірді

14:48, 26 қаңтар 2026

© Сурет: Instagram/hkto.mens

Қазақстандық теннисші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Австралия ашық чемпионатындағы Алекс де Минаурға қарсы ойында трибуналардағы атмосфераны "қолайлы" деп бағалады.

Кездесуде автралиялық ойыншы отандасымызды айқын басымдықпен жеңген болатын – 6:4, 6:1, 6:1.

Матчтан кейін Александрға қарсыласын негізінен жергілікті жанкүйерлер қолдап отырған жағдайда ойнаудың қаншалықты қиын болғаны жөнінде сұрақ қойылды.


"Шынымды айтсам, басқа жерлермен салыстырғанда Австралиядағы көрермендер өте қолайлы. Егер трибуналар шын мәнінде қарсы шығып, қысым көрсететін атмосфераны сезінгіңіз келсе – Францияда, әсіресе Берсидегі ескі аренада немесе Чилидегі Дэвис кубогында ойнап көріңіз. Міне, сол жерде нағыз қысым болады. Ал бүгін бәрі мүлде қалыпты өтті. Тіпті одан да қиынырақ болады деп ойлағанмын. Алғашқы доптағы әр қателігімнен кейін стадион орнынан тұрып, қатты қуанады деп күттім. Нағыз қысым сол болар еді. Бірақ мұндай жағдай болған жоқ", – деді қазақстандық теннисші баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Бублик матчтағы атмосфера өзіне ұнағанын және бұл оның үшін жақсы тәжірибе болғанын атап өтті.

Айта кетсек, қазіргі сәтте Елена Рыбакинадан басқа Australian Open-2026 турнирінің жекелей сынында Қазақстан теннисінің өкілі қалмады.

25 қаңтарға қараған түні 18 жастағы америкалық Ива Йович Юлия Путинцеваны ойсырата жеңді — 6:0, 6:1. Бұған дейін Зарина Дияс, Александр Шевченко және Дмитрий Попко да өз матчтарында жеңіліс тапқан еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!