Барлық елді мекендер 100% ауыз сумен қамтылды – Өнеркәсіп және құрылыс министрі

11:02, 13 қаңтар 2026

© Фото: freepik

2026 жылғы 13 қаңтарда Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуы туралы баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Қуандық Қажкеновтің мәліметінше, су жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілген. 2021 жылдан бастап тапсырма орындалу мерзімінде бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлінген, оның ішінде қалаларға – 314 млрд теңге, ауылдарға – 521 млрд теңге, жалпы 1,6 мыңнан астам жобаны жүзеге асыруға бағытталған.

"Үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесі толық шешілді. Нәтижесінде осы қаражат есебінен 34 қала мен 756 ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасының мақсатты көрсеткіші толық орындалып, еліміздің барлық елді мекендері – 90 қала мен 6087 ауылдық елді мекен, жалпы 7,5 млн адам 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген", – деді вице-министр.

Айта кетейік, 4747 ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған (ауылдық халықтың 96%). Тағы 1340 ауыл децентрализденген ауыз су жүйесімен қамтылған (ауылдық халықтың 4%).

Олардың ішінде:

  • 1102 ауыл су тазалау блок-модульдері арқылы қамтамасыз етілген (ауылдық халықтың 3,6%);
  • 219 шағын елді мекенде жеке ұңғымалардан ауыз сумен қамтамасыз ету жүзеге асырылған;
  • 19 ауыл су көздерінің болмауына және қашықтыққа байланысты су тасымалы арқылы қамтамасыз етілген. Аталған елді мекендерде орташа есеппен шамамен 70 адам тұрады.
"Ең басты назар ауыз су сапасына аударылды: негізгі су құбырлары мен су тазалау нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 9,5 мың км-ден астам желілер реконструкцияланып, кеңейтілді, оның ішінде қалаларда – 1,8 мың км, ауылдық жерлерде – 7,7 мың км. Нәтижесінде желілердің тозуы 38%-ға төмендеді", – деді вице-министр.

Еске салайық, 2021 жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жыл ішінде елді таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасын берген болатын. 2024 жылғы 11 маусымда Премьер-министр Олжас Бектенов халықты сапалы ауыз сумен 1,5 жыл ішінде толық қамту міндетін қойған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!