Гренландия – ұлттық қауіпсіздік мәселесі: АҚШ-та резонанс тудырған заң жобасы ұсынылды

13:04, 13 қаңтар 2026

© Сурет: wikipedia

АҚШ Өкілдер палатасының Республикалық партиядан сайланған мүшесі Рэнди Файн Конгреске Гренландияны Америка Құрама Штаттарына қосу және оған штат мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыратын заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Florida Politics басылымының жазуынша, бұл бастама АҚШ президенті Дональд Трампқа аралды ел құрамына қосу үшін қажетті қадамдар жасауға өкілеттік беруі мүмкін.

"Гренландия – елемей қоя салуға болатын алыс шағын бекініс емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды стратегиялық актив. Гренландияны кім бақыласа, сол Арктикадағы негізгі теңіз жолдарын және АҚШ-ты қорғайтын қауіпсіздік жүйесін бақылайды. Америка өз болашағын біздің құндылықтарымызды менсінбейтін әрі қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруге ұмтылатын режимдердің қолына қалдыра алмайды", – деді Рэнди Файн.

Республикалық саясаткердің пікірінше, заң жобасы Гренландияны Пуэрто-Рико немесе Гуам секілді жай ғана аумаққа айналдырумен шектелмейді. Құжат аралға Арктика шеңберімен шектесетін жалғыз штат – Аляскаға ұқсас толыққанды штат мәртебесін беруді көздейді.

Сонымен қатар басылымның жазуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Конгреске бұл аумақты сатып алу мәселесі бойынша Дания өкілдерімен кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Бұған дейін Мексика президенті АҚШ тарапынан болуы ықтимал басқыншылық әрекетке баға бергенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!