Балқаш маңында заңсыз кен өндірілген: бүлінген жерлерді қалпына келтіруге 485 млн теңге қажет

11:07, 23 қазан 2026
MKZ: 1573941

© Сурет: ҚР ҚМА баспасөз қызметі

Қарағанды облысында Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылы маңында темір және марганец кенін заңсыз өндіру тоқтатылды. Бұл жұмыстарды "Vertex Co." және "MiningMetall" ЖШС директоры ұйымдастырған. Осы туралы 2026 жылғы 23 қазанда Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) мәлімдеді.

ҚМА-ның Қарағанды облысы бойынша департаментінің мәліметінше, кен өндіру жұмыстары жер қойнауын пайдалану құқығынсыз және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген.

"Учаскелерді игеруге жалдамалы жұмысшылар мен арнайы техника, соның ішінде экскаваторлар, тиегіштер, ұсақтау қондырғысы және жүк аударғыш көліктер тартылған. Өндірілген шикізат ұсақталып, кейін тасымалдау және сату үшін теміржол станциясына жеткізілген. Тексеру барысында ауқымды аршу және кен өндіру жұмыстары жүргізілген үш карьер анықталды. Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрді құрады", – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.

Мамандардың есебінше, бүлінген жерлерді қалпына келтіруге және карьерлерді рекультивациялауға 485 млн теңге қажет.

"Сот санкциясымен екі арнайы техникаға, автокөлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", – делінген хабарламада.

Агенттік тергеудің жалғасып жатқанын атап өтті. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Бұған дейін, 2026 жылғы 22 қазанда, Жетісу облысында жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын, құрамында алтыны бар 2,6 мың тонна кенді заңсыз әкету арнасының жолы кесілгені белгілі болды.

ҚМА мәліметінше, шикізатты тасымалдау кезінде кедендік құжаттарда тауар "мыс кені мен концентраттары" деп көрсетілген. Осылайша оның нақты құрамын жасырған.

Кейінгі жедел-тергеу іс-шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1000 тоннадан астам шикізат табылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!