БАКАД жүргіншілеріне маңызды ескерту жасалды

11:17, 4 қараша 2026
MKZ: 1575867

© Фото: Zakon.kz

Алаяқтар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (БАКАД) пайдаланатын жүргізушілерге де ауыз сала бастаған. Бұл туралы Zakon.kz хабарлайды.

Жоба әкімшілігі осыған байланысты ескерту жасады.

"Құрметті пайдаланушылар! Белгісіз нөмірлерден БАКАД арқылы жүру ақысын бөгде сілтемелер арқылы жеңілдікпен төлеуді ұсынатын SMS-хабарламалар тарату жағдайлары тіркелді. Бұл хабарламалардың алаяқтық сипатта екенін ескертеміз", – делінген хабарламада.

Автокөлік иелерінен:

  • SMS арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • жол ақысын белгісіз немесе бөгде ресурстар арқылы төлемеу;
  • мұндай сілтемелер арқылы банк деректері мен жеке ақпаратты бермеу сұралды.

БАКАД арқылы жүру ақысын ресми түрде банктердің мобильді қосымшалары, жоба порталы және Qiwi әмияны арқылы төлеуге болады.

Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар жеке шотты толықтыру үшін Оператордың есепшотына банктік аударым жасай алады.

"Сіздерді қырағы болуға, тек ресми төлем тәсілдерін пайдалануға және жақындарыңызды ықтимал қауіптер туралы ескертуге шақырамыз", – делінген үндеуде.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға интернет арқылы қысқы дөңгелек сату кезінде жасалатын алаяқтық әдіс-тәсілдердің көбейгенін хабарлаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!