Қазақстанда сынақ мерзімі кезінде жалақыны азайтуға немесе жұмыстан шығаруға бола ма

15:17, 3 қараша 2026
MKZ: 1575729

© Фото: pexels

Қазақстанда жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс беруші қызметкердің кәсіби дағдылары мен атқаратын қызметіне сәйкестігін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Алайда сынақ мерзімі азаматтардың еңбек құқықтарын шектемейді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі туралы талап еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі керек. Егер құжатта мұндай талап болмаса, қызметкер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі.

"Сынақ мерзімінің ұзақтығы үш айдан аспауға тиіс. Сонымен қатар ұйым басшылары мен олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ филиалдар мен өкілдіктердің басшылары сияқты жекелеген санаттағы қызметкерлер үшін бұл мерзім алты айға дейін белгіленуі мүмкін", – деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік өкілдері жұмысқа қабылданған алғашқы күннен бастап қызметкерге заңнамада көзделген барлық негізгі еңбек құқықтары мен кепілдіктері берілетінін атап өтті.

Атап айтқанда, сынақ мерзімі кезінде қызметкердің:

  • жалақыны уақтылы және толық көлемде алуға;
  • белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс режимінің сақталуына;
  • қауіпсіз еңбек жағдайларына;
  • еңбек заңнамасында көзделген әлеуметтік кепілдіктерге;
  • еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.

Сынақ мерзімі кезінде жұмыс беруші жалақыны азайта ала ма?

Сынақ мерзімінің белгіленуі өздігінен жалақыны азайтуға негіз болмайды. Еңбекақы мөлшері еңбек шартының талаптарымен айқындалады және заңнама талаптарына сәйкес болуы керек.

Мысалы, азамат жұмысқа үш айлық сынақ мерзімімен қабылданса, жұмыс беруші оның сынақтан өтіп жатқанына ғана сүйеніп, жалақысын өз бетінше азайта алмайды. Еңбекақының басқа мөлшері тек заңды негіздер мен еңбек шартында тиісті талаптар болған жағдайда ғана белгіленуі мүмкін.

Сынақ мерзімінен өтпеген қызметкерді жұмыстан шығаруға бола ма?

Егер сынақ нәтижесі бойынша жұмыс беруші қызметкердің тапсырылған жұмысқа сәйкес келмейді деген қорытындыға келсе, еңбек шарты заңнамада белгіленген тәртіппен бұзылуы мүмкін.

Бұл ретте жұмыс беруші еңбек шартын бұзу туралы қызметкерге хабарлауға және сынақ нәтижесінің неліктен теріс деп танылғанын түсіндіруге міндетті.

"Еңбек шартын жасамас бұрын оның талаптарын, соның ішінде сынақ мерзімінің ұзақтығын, жалақы мөлшерін және еңбек жағдайларын мұқият зерделеуге кеңес береміз", деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін министрлік қазақстандықтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында берілетін ұзақ мерзімді төлемдер туралы түсініктеме берген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!