Ауылшаруашылығы министрлігінде малшыларды ерте зейнетке шығару мәселесі қаралды

12:57, 7 қаңтар 2026

© Сурет: Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі

Ауылшаруашылығы министрлігінде 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті дамытудың Кешенді жоспар жобасы талқыланды, деп хабарлайды Zakon.kz..

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Кешенді жоспар жобасы өзара тығыз байланысты екенін әрі шынайы тәжірибеге бағытталған шаралар топтамасын қамтитынын атап өтті.

"Құжатта мал шаруашылығын қаржыландыру тетіктерін қалыптастыруға баса назар аударылған. Атап айтқанда, жануарлардың барлық түрлері бойынша асыл тұқымды малды сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске қосу көзделген. Айналым қаражатын толықтыру үшін мал шаруашылығының ішкі салаларына шектеу қойылмай, 5% мөлшерлемемен кредит беру тетігін енгізу жоспарлануда. Қаражат жем-шөп сатып алуға, жанар-жағармай материалдарына, ветеринариялық препараттарға және басқа да өндірістік шығындарға бағытталуы мүмкін", – деді вице-министр.

Пайдаланылмай жатқан жайылымдардың әлеуетін іске қосу мақсатында көшпелі (отгонды) мал шаруашылығын дамыту үшін 6% мөлшерлемемен бірыңғай кредиттік өнім құру көзделген. Барлық кредиттік бағдарламаларды өсімдік шаруашылығында қолданылатын тетіктерге ұқсас "Даму" институты арқылы мемлекеттік кепілдік жүйесімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Құжатта саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету бойынша шаралар көзделген. Мал шаруашылығы өкілдерін әлеуметтік қолдау мәселелері де қарастырылған, оның ішінде қойшылар мен бақташылар үшін зейнеткерлік жасты төмендету, олардың балаларына білім беру гранттарын басым тәртіппен бөлу, әскер қатарына шақыруды кейінге қалдыру ұсынылады.

Бұған дейін Қазақстанда пайдаланылмай жатқан 2,1 млн гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!