Астанада жұмыс беруші өтемақы төлеуден бас тартып, айыппұл арқалады

13:48, 6 тамыз 2026
MKZ: 1559979

© Фото: pexels

Астана қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов 2026 жылғы 6 тамызда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қызметкерге ұжымдық шартта көзделген өтемақыны төлемеген кәсіпорынды тексеру нәтижесін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, еңбек инспекторларының тәжірибесі көрсеткендей, қызметкерлер көбіне еңбекақы төлеу, еңбек жағдайларын өзгерту, жұмыс уақытының тәртібі, демалыс беру, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау және тәртіптік жаза қолдану мәселелері бойынша шағымданады.

"Мұндай даулардың көпшілігін сапалы ұжымдық шарт жасау арқылы болдырмауға болады. Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес, ұжымдық шартқа барлық тарап қол қойған сәттен бастап оны орындау міндетті. Құжаттың талаптары жұмыс беруші мен ұйым қызметкерлеріне қолданылады. Бұл еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тараптардың қабылдаған міндеттемелерін орындауға жауапкершілігін арттырады", – деді ол.

Ерлан Исмағұлов еңбек дауларының алдын алуда әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.

"Ұжымдық келіссөздер барысында жұмыс беруші мен қызметкерлердің өкілдері еңбек жағдайларын бірлесіп айқындап, өзара міндеттемелерді келіседі және туындауы ықтимал келіспеушіліктерді реттеу тетіктерін қалыптастырады. Мәселен, департамент қызметкердің тұрақты тұрғылықты жерінен тыс жерде болған әрбір күні үшін өтемақы төлеуге қатысты бекітілген ұжымдық шарт талаптарының сақталмауы бойынша кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысымен кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жұмыс берушіге заң бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқама берілді", – деді Ерлан Исмағұлов.

Бұған дейін Қазақстанда сот орындаушыларына қатысты талап-арыздар саны артқаны хабарланған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!