Астанада тұңғыш рет әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді

10:39, 5 тамыз 2025

© Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда алғаш рет әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Дүбірлі дода Астанада өтеді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы, Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов мәлімдеді.

Чемпионат Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) ресми қолдауымен өтеді. Турнир Кеңес Одағының Батыры, қазақ батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналып отыр.

Полковник Әбеуовтың айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық спорт түрлерін дамыту туралы тапсырмалары аясында жүзеге асуда.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

"CISM басшылығының қолдауымен Қазақстан әскери спортшылары арасында қазақ күресінен әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл былтыр Танзанияда өткен CISM-нің 79-шы Бас ассамблеясында қазақ күресінің сәтті таныстырылуынан кейін мүмкін болды", – деді полковник.

Айта кетейік, биыл ақпанда Иранның Тегеран қаласында өткен Азиядағы CISM конференциясында Қазақстан тарапынан қазақ күресінен арнайы шеберлік сабағы ұйымдастырылып, ұлттық спорттың халықаралық аренадағы келешегі кеңінен таныстырылды.

Сондай-ақ Астанаға CISM президенті Ролим Гомес, Бас хатшы Роберто Реккиа және күрес жөніндегі президент майор Насер Хассани арнайы шақырылып, олар қазақ күресімен іс жүзінде танысып қайтқан.

"Бұл чемпионат тек спорттық дода емес, сонымен қатар қазақ күресін әлемге таныту мен халықаралық дәрежеде мойындатудың маңызды қадамы. CISM-нің қолдауы арқылы турнир жаһандық спорт күнтізбесіне енеді", – деді Арман Әбеуов.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Халықаралық әскери спорт кеңесі 1948 жылы құрылған. Қазіргі таңда ұйым 142 елден әскери спортшыларды біріктіріп, 20-дан астам спорт түрінен халықаралық жарыстар өткізеді. CISM миссиясы – спорт арқылы елдер арасындағы бейбітшілік пен түсіністікті нығайту.

- Әскери спорттың өзіндік ерекшелігі бар. Қазақтың ұлттық күресі әскери-қолданбалы түрлерге жатпайды, соған қарамастан оны әскери ортада дамыту жауынгерлік даярлық процесін жетілдіруге ықпал ете ме?...

"Қазақ күресі сабақтары дене күшін дамытады, ерік-жігерді шынықтырады және жауынгерлік рухты көтереді. Ежелгі заманнан бері күрестің ұлттық түрін ата-бабаларымыз жауынгерлерді дайындау үшін қолданған. Өткен ғасырларда шайқастар арасында хандар батырлар үшін жарыстар ұйымдастырды, бұл жауынгерлердің рухын көтеруге бағытталған жаттығулар болды. Бауыржан Момышұлы өзінің "Командир күнделігі" кітабында сарбаздың жауынгерлік қасиетін шыңдауда халықтардың әскери өткені мен ұлттық дәстүрлердің орасан зор рөл атқаратынына өз тәжірибесінен көз жеткізгенін мысалға алады. Сайыс, аударыспақ, жамбы ату, ат жарысы, күрес сияқты әскери-спорттық ойындар қоғамның әскери өмірімен де, шаруашылық қызметімен де байланысты кең және әмбебап функцияны атқарды." Арман Әбеуов

Бүгінгі таңда қазақ күресі Қазақстанның барлық өңірлерінде дамып келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда жүйелі түрде 160 мыңнан астам адам қазақ күресімен айналысады, оның ішінде 87 мыңнан астамы ауылдық жерлерде айналысады.

Күрестің бұл түрі Қажымұқан Мұнайтпасов пен Балуан Шолақ сияқты ата-бабаларымыздың рухын сақтап, елімізде олимпиадалық пәндерге теңестірілген басым спорт түрі болып табылады. Чемпионатты өткізу – жас ұрпақ үшін, әсіресе ауылдың балуандары үшін үлкен мүмкіндік.

Бұл іс-шара талай адамға өздерінің спорттық әлеуетін жүзеге асыруға және кәсіби спортшы болуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар жұмысқа орналасу перспективаларын ашады. Спорт арқылы жастар Қарулы Күштер туралы көбірек біле алады, қызметке мотивация алады және армия қатарынан өз орнын таба алады.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қазақ күресі күрестің ежелгі түрі адал бәсекелестіктің, күштің және өр рухты бейнелейді. Біздің ұлттық күресіміз тек спорт түрінен гөрі әртүрлі ұлттар мен мәдениеттердің өкілдерін біріктіретін тарихи мұрамыздың бір бөлігі. Бүгін біз әскери қызметшілер арасында спортты дамытуға тырысамыз, себебі Отан қорғаушыға тән қасиеттерді бойына сіңіріп, өзін-өзі тәрбиелеугеықпал етіп, сондай-ақ өзара сыйластықты дамытады.

- Әскери қызметшілер арасында қазақ күресі бойынша тарихта алғашқы әлем чемпионатынан не күтесіз?

"Бұл тарихи оқиғаның Қазақстан үшін және халықаралық аренада ұлттық күресті дамыту үшін маңыздылығын асыра бағалау қиын. Турнирді CISM сияқты ірі әскери спорттық ұйымның қолдауымен өткізу біздің ұйымдастырушылық қабілетімізді және халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысымызды көрсетеді. Қазақ күресі үшін бұл чемпионат бүкіл әлем бойынша әскери қызметшілер арасында күрестің осы ежелгі түрін танымал ету үшін жаңа көкжиектер ашатын жаһандық тануға аса маңызды қадам болып табылады, ережелерді стандарттауға және жаңа тәжірибелі спортшыларды тартуға ықпал етеді. Бұл бастама қазақ күресінің Халықаралық спорт қозғалысындағы болашақ амбицияларын одан әрі дамытуға серпін беретініне сенімдіміз." Арман Әбеуов

CISM қолдауымен өтетін чемпионат қазақ күресіне ресми халықаралық мәртебе береді. Бұндай жетістіктің басты дәлелі – 2026 жылы Мәскеуде қазақ күресінен екінші әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отырған Ресейдің қолдауы, бұл спортты тануға және дамытуға ықпал етеді.

Біздің іс-шара чемпионатты 142 мемлекетті біріктіретін CISM жыл сайынғы іс-шараларының ресми күнтізбесіне енгізу мақсатында өткізіледі. Біздің чемпионатты халықаралық беделді алаң ретінде тану оны кейіннен АҚШ-та өтетін 2027 жылғы Дүниежүзілік жазғы спорт ойындарының бағдарламасына енгізу үшін маңызды қадам болады. Біз Қазақстанды жеке спорт түрімен таныстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл олимпиадалық қозғалысты дамытуға және еліміздің ұлттық спорт түрін – қазақ күресін әлемдік аренада ілгерілетуге елеулі үлес болады.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Спорттық құрамдас бөліктен басқа, біз халықаралық әскери ынтымақтастықты нығайту және қатысушы елдер арасындағы мәдени алмасуды кеңейту үшін CISM алаңын пайдалануды мақсат етіп отырмыз. CISM "Спорт арқылы достық" ұраны біздің өзара түсіністікке, түрлі мемлекеттердің әскери қызметшілері арасындағы серіктестікті дамытуға, сондай-ақ бүкіл әлемге спортшылардың күші мен шеберлігін ғана емес, сонымен қатар қазақ күресінің негізінде жатқан терең мәдени құндылықтарды көрсетуге деген ұмтылыстарымызды көрсетеді.

- CISM қолдауымен әлем чемпионатын ұйымдастыру белгілі бір стандарттарға сай болуы керек. Осы стандарттарға сәйкес келу үшін қандай нақты талаптар болды?

"CISM қолдауымен әлем чемпионатын ұйымдастыру, әрине, жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестікті талап етеді. Біз тап болған талаптардың негізгісі CISM сарапшыларымен қажырлы жұмысты талап ететін халықаралық деңгейде объективті және біркелкі қазылықты қамтамасыз ету үшін қазақ күресі ережелерін үйлестіру кірді." Арман Әбеуов

Содан кейін әр елден көптеген әскери делегацияларды қабылдау логистикалық қамтамасыз етуге басымдық берілді, бұл нақты хаттамалар мен процедуралардың қатаң сақталуын білдіреді. CISM нұсқауларына сәйкес барлық қатысушылар үшін қауіпсіздікті, жайлылықты және медициналық көмекті қамтамасыз ету бірдей маңызды. Осы орайла Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың қолдауы мен бақылауының, CISM-ге белсенді жәрдемдесуінің арқасында біз алға қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындап жатырмыз. Бұдан басқа Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қолдауы, Қазақ күресі қауымдастығының басшылығына да көмегіне алғыс айтамыз.

- Шетелдік әскери ведомстволар мен федерациялар тарапынан қазақ күресіне деген қызығушылық деңгейі қандай?

"Шетелдік әскери ведомстволар мен федерациялар тарапынан қазақ күресіне деген қызығушылық біздің күткенімізден асып түсті. Қазіргі уақытта 30-ға жуық ел қатысатынын ресми түрде растады және біз олардың саны 40-қа жуықтайды деп отырмыз. Сол елдер арасында Иран, Италия, Марокко, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, БАӘ, Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Тунис, Камерун, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Эфиопия, Таиланд, Үндістан, Гана, Қытай, Бразилия, Венесуэла, Иордания, Вьетнам, Шри-Ланка, Молдова бар. Қазақ күресі федерациялары жоқ Гана мен Молдова сияқты елдердің өз аумағында спорттың осы түрін ашуға және дамытуға шын жүректен ниет білдіргені ерекше құнды. Бұл қазақ күресінің халықаралық танымалдығы артып келе жатқанының көрсеткіші." Арман Әбеуов

Сондықтан біз әр елден мықты армия спортшылары келеді деп үміттенеміз. Дзюдо, еркін күрес немесе грек-рим күресі сияқты күрес түрлері дәстүрлі түрде дамыған мемлекеттерден ерекше күшті командалар келуі мүмкін. Қазақ күресінде осыларға ұқсас элементтер мен техникалар бар, бұл спортшыларға тез бейімделуге және өздерін жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл чемпионаттың шынында тартысты, бәсекелесті өтетініне және спортта жаңа мықтылар пайда болады деп күтеміз.

- Боз кілемде төрт құрлықтың мықты балуандарымен кездесу алдында қазақстандық армия спортшыларының дайындығы қандай?

"Осы жылдың наурыз айында Алматыдағы оқу-жаттығу орталығының базасында күш құрылымдары арасында іріктеу чемпионаты өтті. Чемпион атағы үшін Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және ведомстволық оқу орындарының балуандары белдесті. Жарысқа 300-ден астам спортшы қатысты." Арман Әбеуов

Қорғаныс ведомствосының 55 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылары:

  • Бекжан Төлепов,
  • Ернұр Сүлеймен – 60 келі,
  • Жұмажан Қожамбеков – 74 келі,
  • Нұрдәулет Бақтыбайұлы – 82 келі,
  • Айдар Бескемпір – 90 келі,
  • Ізтілеуов Айбек – 100 келі
  • Ғалымжан Қырықбай – 100 келіден жоғары салмақта бағын сынады.
  • Балуан Әшім Сағындық 66 келіде салмақта МКҚ атынан өнер көрсетті.

Әйелдер арасында Қорғаныс министрлігінің барлық спортшылары:

  • Айжан Жылқыбаева салмағы 48 келі,
  • Сағат Байғараева – 52 келі,
  • Рауза Нұрмахамметова – 56 келі,
  • Бақыт Құсақбаева – 60 келі,
  • Зарина Сарипова – 65 келі,
  • Роза Нысантайқызы – 70 келі,
  • Зәмзәгүл Файзолланова – 77 келі,
  • Ақерке Рамазанова – +77 келі бағы да бабы да келісті.

Қазақстандық армия спортшыларының дайындық деңгейін өте жоғары деймін. Қазіргі уақытта біздің кіл мықты балуандарымыз Шымкентте қарқынды жиыннан өтуде, машықтанып, жаттығып, алдағы сынақтарға дайындалып жатыр. Біз чемпионатқа кіл мықтыларды, бабындағыларды және жауынгерлік деңгейі мықты спортшыларды шығарамыз. Спортшыларымыздың жеңіске жету әлеуеті мен ерік-жігеріне толық сенеміз. Өз жерімізде ел намысын абыроймен қорғайды деп үмітттенеміз.

- Осы тарихи оқиға қарсаңында CISM халықаралық қауымдастығына және барлық спорт әуесқойларына не айтасыз?

"Қазақ күресінен бірінші рет CISM-нің қолдауымен өтетін әлем чемпионатына барлық халықаралық CISM қауымдастығын және барлық спорт әуесқойларын шақырамыз. Олар Қазақстанға келсін, спорт арқылы достық қағидатына негізделген орасан зор спорттық мерекенің куәсі болсын. Біз әділетті әрі тартысқа толы күресте, қазақ елінің қонақжайлылығын көрсетіп, ұмытылмас әсер қалдырамыз деп ойлаймын. Бұл чемпионат қазақ күресінің дамуындағы жаңа кезең болмақ." Арман Әбеуов

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!