Астанада кәсіпкер туралы жалған ақпарат таратып, одан 50 млн теңге бопсалаған ер адамның үкімі күшінде қалды

12:06, 19 қараша 2026
MKZ: 1578561

© Фото: pixabay

Кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалағаны үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған қазақстандыққа қатысты үкім өзгеріссіз қалды. Бұл туралы 2026 жылғы 19 қарашада Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Соттың мәліметінше, ер адам бірнеше адаммен бірге интернетте жалған ақпарат жариялаған. Олар кәсіпкер мен Астанадағы коммуналдық кәсіпорындардың басшыларын ел назарына іліккен қылмыстық іс фигурантымен қылмыстық байланыста болған деп көрсеткен.

"Жалған ақпарат жарияланғаннан кейін тұрғын емес үй-жайды жалдау шарты бұзылған. Соның салдарынан жәбірленушіге ірі залал келген. Бұдан кейін сотталушы кәсіпкерден 50 млн теңге талап еткен. Ол ақша берсе, кәсіпкердің мүддесіне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жинауды және таратуды тоқтатуға уәде берген. Ер адам ақшаны алып жатқан кезде ұсталды", – деп хабарлады сот.

Бірінші сатыдағы сот ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 3-бөлігі және 194-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық саты үкімді заңды деп тапқан.

Адвокат кассациялық шағымында қорғауындағы адамның кінәсі дәлелденбегенін айтып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.


"Кассациялық сот А.-ның өзге адамдармен бірге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалған мәлімет таратып, кәсіпкерге ірі залал келтіргені дәлелденді деп тапты. Сондай-ақ оның кәсіпкерге беделін түсіретін ақпаратты әрі қарай да тарататынын айтып, одан 50 млн теңге бопсалағаны дәлелденген. Мұны жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары, тергеу әрекеттерінің нәтижелері, сараптама қорытындылары және ақшаның берілуіне қатысты материалдар растайды", – деп мәлімдеді сот.

Кассациялық сот сотталушының әрекеттері дұрыс сараланғанын, ал тағайындалған жаза жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне сай екенін атап өтті. Осы негізде сот актілері өзгеріссіз қалдырылды.

Бұған дейін қазан айында Қостанайда екі ер адам ұсталған еді. Олар қыркүйектен бері жәбірленушіні күш қолданамыз деп қорқытып, одан 17 млн теңге талап еткен.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!