Астана, Алматы және Шымкенттегі қоқыс жағатын зауыттардың қалдықтары қалай бақыланады
© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында салынып жатқан қоқыс жағатын зауыттардың қоршаған ортаға қаншалықты қауіпсіз екенін және олардың шығарындыларын кім бақылайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Спикердің айтуынша, Қазақстанда инфрақұрылымды дамытудың жаңа бағыты ретінде қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату қолға алынған. 2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында энергия өндіретін қоқыс жағу зауыттарын салу жөнінде Қытай компанияларымен үш инвестициялық келісімге қол қойылған.
"Инвестициялардың жалпы көлемі 293 млрд теңгені немесе шамамен 650 млн АҚШ долларын құрайды. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысандарды 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Бұл кәсіпорындар полигондарға көмілетін қалдықтардың көлемін азайтып қана қоймай, электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Қазір еліміздің басқа өңірлерінде де, атап айтқанда, Қарағанды қаласында осындай жобаларды іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр", – деді ол.
Журналистердің экологиялық талаптардың сақталуына қатысты сұрағына вице-министр қоқыс жағатын зауыттардың қызметі басқа кәсіпорындар сияқты жалпы тәртіппен бақыланатынын түсіндірді.
"Экологиялық заңнама талаптарын сақтау мен шығарындылар көлеміне келсек, қазіргі таңда қоқыс жағу технологиялары шығарындылар көлемі бойынша барлық еуропалық сапа талаптарына сәйкес келеді. Бұл нормалар инвестициялық келісімге бастапқы кезден-ақ енгізілген. Ең басты талаптардың бірі – қалдықтарды жағу процесі қоршаған ортаға зиян келтірмеуі. Сондықтан олар барлық еуропалық стандарттарға сай болады. Айта кетейін, қазір қолданылып жүрген технологиялардың шығарындылар, төгінділер мен қалдықтарға қатысты стандарттары еуропалық талаптардан да қатаң", – деп жалғастырды Жомарт Әлиев.
Оның айтуынша, қолданылатын технологиялар еуропалық және отандық баламалармен салыстырылған. Нәтижесінде барлық көрсеткіш бойынша Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес келетіні анықталған.
Зауыттардың құрылысы аяқталғаннан кейін олардың қызметін тиісті өңірлердегі мемлекеттік экологиялық инспекциялар бақылайды.
Бұған қоса, вице-министр журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Алматыдағы қоқыс жағатын зауыт тәулігіне шамамен 2 мың тонна, Астанадағы зауыт 1,2 мың тонна, ал Шымкенттегі кәсіпорын 1 мың тонна қалдық өңдей алатынын айтты.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:44, 6 қараша 2026
Ақтөбеде бір апта ішінде екінші әйел өлтірілді: марқұмның бұрынғы күйеуі ұсталды
-
16:36, 6 қараша 2026
6 қарашадағы сауда қорытындысы бойынша доллар тағы 4 теңгеге арзандады
-
16:25, 6 қараша 2026
Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы неге әлі іске қосылмады
-
16:19, 6 қараша 2026
Қазақстан Халық Кеңесі жастар қозғалысын құруда: 126 жас азамат кеңес мүшелерінің серіктесі атанады
-
16:05, 6 қараша 2026
Алматыда әйелді аңдып, қорқытқан ер адам ұсталды





