Алматыда көліктері ұрланған тұрғындар шу шығарды

10:42, 19 сәуір 2019

Алматыда көліктері бөтеннің тізгінінде кеткен жүргізушілер наразылық білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Осы сәуір айында машиналарының орнын сипап қалған 20 адам полицияның сылбыр қимылдайтынын айтып шағымдануда. Түн мезгілінде қарақшылыққа шығатындарды қаптаған бейнебақылау камералары да сескендірмей отыр. Мәселен, Алатау ауданындағы Атлеттер ауылынан бір түнде үш автокөлікті айдап әкеткен.

Алмас Сейітқожа жаңадан сатып алған көлігінен бір аптадан кейін көз жазып қалыпты. Көпқабатты үйлердің ауласында тұрған темір тұлпарын түн мезгілінде айдап әкеткен. Ұрылардың бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалса да, қарақшы табылмады, - дейді.

Алмас Сейітқожа, Алматы қаласының тұрғыны:

- Нақты камерадан көрініп тұр. Екі адам ұрлаған. Видеода бәрі көрініп тұр. Бұл жерде бірақ машина ұрланған жоқ. Бүгінге дейін ұрланған көліктің саны отызға жетті.

Осы сияқты жоғалған көліктерін өз беттерінше табуға талпынған жандар, әлеуметтік желі арқылы танысып біріккен. Қазіргі таңда 30-ға тарта азамат дүкендер мен әкімшілік орындарының камераларындағы бейнежазбаларға үңіліп, баукеспелердің қайда жол тартқанын өз беттерінше анықтауға кіріскен. Қарақшылар бұрын қымбатырақ көлікке көз тігетін болса, қазір арзанын да мініп кете беретін болған. Мәселен Нұрбол Нұрқабектің отбасын асырап отырған ескі жапондық көлігін ұрлап кетіпті.

Нұрқабек Нұрбол, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бала-шағамды мектепке алып барам, әйелім аурушаң мысалы. Жаңағы өзім таңертең мектепке алып барам, алып келем. Түстен кейін екінші баламды апарып келем. Қажет өте қазір ауадай. Күн көріп жатқан машинағой былай айтқанда.

Ал, полиция департаменті қылмыстарды ашуға бар күштерін салып жатқандарын жеткізді. Іздеу шаралары құпия түрде жүргізілгендіктен, 9 темір тұлпарды тізгіндеп кеткен бір күдікті қолға түсіргендігін ғана айтты.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:

- Үш-төрт күн бұрын 1994 жылы туылған А есімді азаматты құрықтадық. Ол тек ескі жылдардағы, ескі маркалы көліктерді қуып кеткен. Оның сол үш күннің ішінде 9 тәріздес қылмыстарға қатысы бар екендігін біз дәлелдеп отырмыз. Мүмкін тағы тергеу барысында басқа да қылмыстарға қатыстылығы дәлелденер.

Дәніккен ұрылардың тізгінінде кеткен көліктердің көшін «Мазда» маркасы бастап тұр. Жылы ескі болғанмен, бөлшектері қара базарда үлкен сұраныста. Сонымен қатар, дабыл қаққышы нықтап орнатылған бағалы темір тұлпарларды да, әккі ұрылар бар-жоғы 10 минут ішінде айдап әкеткен екен. Осылайша, бірнеше күннен бері хабар болмағандықтан, тұрғындар мемлекет шекарасынан асып кетті ме деп алаңдап отыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!