Алматыда алғаш рет қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға мүміндік пайда болды

13:36, 19 қыркүйек 2024

© Фото: Zakon.kz

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында (ҚазОРҒЗИ) онкологиялық ауруларды эндоскопиялық диагностикалау орталығы ашылды.

"Астра Зенека" биофармацевтикалық компаниясы мекемеге қатерлі ісікті диагностикалау үшін жаңа жабдық сыйлады, оның көмегімен қазақстандықтар диагнозды тезірек әрі дәлірек растай алады. Сонымен қатар, бұл құрылғы өкпедегі қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтай алады.

ҚазОРҒЗИ эндоскопия және функционалды диагностика бөлімінің меңгерушісі Жансая Қалиева жаңа жабдықта молекулалық бейнелеу (MBI) әдісі қолданылатынын түсіндірді. Дәл осы әдістің арқасында дәрігерлер қатерлі ісікті ерте кезеңде, клеткалық деңгейде анықтай алады. Демек, пациенттердің тұрақты ремиссияға қол жеткізу мүмкіндігі артады.

Қалиеваның айтуынша, жабдық тыныс алу жолдарын, көмей және өкпені толықтай тексереді. Егер ҚазОРҒЗИ-дағы барлық осындай құрылғылар бір күнде жеті науқасты тексерсе, бұл құрылғы бір жұмыс күніне 24 адамға дейін диагностика жасай алады. Тексеруден өтуге Қазақстанның кез келген елді мекенінен емдеуші дәрігердің жолдамасымен немесе ҚазОРҒЗИ-ға тікелей жазылып баруға болады. Тексеру дайындықты талап етеді – бір күн бұрын арнайы дәрі қабылдау қажет. Сақтандыруы бар адамдар үшін тексеру тегін болады.

Сонымен қатар, эндоскопия бөлімінде гастроскопия жасалады: өңеш, асқазан, он екі елі ішек тексеріледі. Сондай-ақ дәрігерлер бұл жерде колоноскопия жасап, ішектегі қатерлі ісік түзілімдерін анықтайды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Диляра Қайдарова 2025 жылдан бастап өкпе қатерлі ісігі бойынша тегін онкоскринингтер өткізілетінін атап өтті. Олар 50 жастан асқан және 10 жылдан астам уақыт темекі шеккен ерлер мен әйелдерге ұсынылады.

Айта кетейік, 2023 жылдың соңында Қазақстанда 218 213 онкологиялық науқас тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын шамамен 40 000 қазақстандық қатерлі ісік ауруына шалдығады, шамамен 13 000 науқас онкологиялық аурулардан қайтыс болады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!