Алматы прокуратурасы қала орталығындағы теміржол ауруханасын мемлекет меншігіне қайтарды

18:01, 28 шілде 2026
MKZ: 1558467

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Алматы прокуратурасы қала орталығында орналасқан бұрынғы Теміржол апаттар медицинасы госпиталінің ғимараты мен оған тиесілі жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Прокуратура мәліметінше, 2018 жылы бірнеше рет жасалған мәмілелер нәтижесінде денсаулық сақтау нысаны мен оған тиесілі жер учаскелері жеке меншікке заңсыз шығарылған.

Аталған жер учаскелері сауықтыру мақсатындағы санатқа жатқанына қарамастан, жер және мемлекеттік мүлік туралы заң талаптарын бұза отырып берілген.

Сот процесі барысында мәмілеге қатысушылардың өзара байланысы болғаны және мемлекеттік мүліктің бәсекелестік ортадан тыс заңсыз иеліктен шығарылғаны дәлелденді.

Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша сот мемлекеттік мүлікті жекешелендіруге қатысты мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне еніп, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.

Нәтижесінде мемлекет меншігіне жалпы аумағы 0,3 гектар болатын екі жер учаскесі және көлемі 1 628 шаршы метрлік ғимарат қайтарылды.

Прокуратура бұған дейін аталған нысанды атқарушылық іс жүргізу аясында сатуға шығарылған электрондық сауда-саттықтың күшін жойып, мүлікке қатысты қосымша сот дауларының алдын алған.

Алматы қаласының прокуратурасы бұл жұмысты мемлекеттік активтерді қайтару бағытындағы шаралардың бірі ретінде атап өтті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!