Оралды қалың қара түтін басып, аспаннан күл «жауды» - видео

22:20, 27 шілде 2026
MKZ: 1558306

© Фото: zakon.kz

2026 жылғы 27 шілдеде Оралда Хан тоғайы ауданында алапат өрт болып, қаланы қою түтін басты. Аспаннан күл түсуде, отты сөндіруге әуе күштері де тартылған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, өрт түс кезінде Жәңгір хан көшесіндегі "Динамо" базасы маңынан басталған. Аз уақыт ішінде түтін шаһардың орталығын, Зачаганск елдімекені мен сол бағыттағы екі көпірді де басып үлгерді.

"Түстен бері өртеніп жатыр. Басында кішкене ғана ақ түтін көрінген, кейін бүкіл аспанды торлап алды", – дейді Зачаганск тұрғындары.

Қалың түтіннен қалалықтардың тынысы тарылып, жан-жаққа ұшқан күл жақын маңдағы аудан тұрғындарының үрейін ұшырды.

Жағдайды экстремальды ауа райы да ушықтыра түсуде. Батыс Қазақстан облысында өткен аптадан бері аномальды ыстық сақталып тұр: +38...+40 °C. Таңертеңнен бері соғып тұрған қатты жел жалынның тез таралуына ықпал етіп, өртті сөндіруді қиындатуда.

Соңғы бір сағатта орман алқабындағы өртті сөндіруге екі тікұшақ жұмылдырылды. Аталған жағдайға қатысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі түсініктеме берді.

"Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысының аумағында орман өртін оқшаулау және толық сөндіру бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда. Тілсіз жауды ауыздықтауға орман шаруашылығының, мемлекеттік орман күзетінің және БҚО бойынша ТЖД бөлімшелерінің күштері мен құралдары тартылды", деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар, өңір әкімдігі сағат 21:00 шамасында Хан тоғайындағы өртті оқшаулау мүмкін болғанын мәлімдеді.

"Орман алқабындағы өртті ауыздықтауға "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы, 100-ден астам адам, 20 бірлік техника тартылды. Оқиға орнында шұғыл қызметтер өрттің толықтай сөндірілгенге дейін өз жұмыстарын жалғастыратын болады", деп нақтылады БҚО әкімдігі.

Өрт оқшауланды, қҚазіргі уақытта тілсіз жауды толықтай жою жұмыстары жалғасуда.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!