Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылын құм басу қаупі бар

20:05, 16 наурыз 2017

Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылын құм басу қаупі төніп тұр. Елді мекеннің батысындағы ең шеткі көше жыл сайын құмның астында қалады. Сондықтан көктем мен күз мезгілдерінде жолды үнемі тазартып отыруға тура келеді.

Жағдайды біржола шешудің амалы бар көрінеді. Жәрдемдесуге өзге емес, БҰҰ-ның өзі дайын. Ұйымның даму бағдарламасы бойынша арнайы жоспар түзіліп, ауылда құм тоқтату жұмыстары басталып та кеткен. 

Алматы облысындағы сулы да нулы өлкенің бірі – Балқаш ауданы. Мұндағы елді мекендер негізінен Іле өзенінің бойында орналасқан. Жері құмды болып келетіндіктен әрі желі бір толастамайтындықтан бірқатар ауылдарды құм басу қаупі төніп тұр. Солардың бірі – 5 мыңнан астам тұрғыны бар Бақбақты ауылы.

Қайыпжамал Мұқанова, Бақбақты ауылының тұрғыны:

-Құм саулағанда көзімізге де кіреді. Балаларымыздың үсті-басы шаң, топырақ болады. Жылда тазартып жатыр. Әйтпесе топырақ мына қақпаның жарты беліне дейін келіп тұрған. 

БҰҰ-ның даму бағдарламасы бойынша, өткен жылы қомақты қаржы бөлініп, Бақбақтының батысындағы 1 гектар жерге 14 мың түп сексеуіл мен 2 мыңдай жиде көшеті егілді. Құм тоқтату бағытында қолға алынған бұл ғылыми-тәжірибелік жұмыстар биыл да жалғасады.

Асқар Мырзахметов, Бақбақты ауылдық округі әкімдігінің бас маманы: 

-Былтыр 20-25 адам осы жерде жұмыс істеді. Қазіргі уақытта кішкене үзіліс. Көктемде қайтадан басталады. Осы біздің көшенің батыс жағында тігінен тағы да ағаштар отырғызып, құдық орнатып, сол жерді көгалдандырсақ деген ойымыз бар.

Бұл жұмыстар Бақанас орманшылығы үшін де өте тиімді болып тұр. Өйткені мұнда егілген ағаш көшеттерінің барлығы сол Бақанас орманшылығының тұқымбағынан алынған. Дегенмен орманшылар сексеуілді көшетпен емес, тұқыммен отырғызғанның әлдеқайда пайдалы екенін айтуда.

Марат Молдабаев, Бақанас орманшылығының орманшысы: 

-Көшетпен жұмыс істеу деген қиын. Өйткені құмдауыт жерден алып, құмдауыт жерге қайтадан отырғызған кезде, көбінесе тамырлары зақымданады. Алып кету процесі нашарлайды. 

«Ауыл мағына тәжірибе есебінде отырғызылған сексеуіл көшеттерінің 50-60 пайызы тамыр алып кетуі мүмкін», – дейді мамандар. Бақбақтылықтар құм тоқтату жұмыстарының ойдағыдай жүзеге асатынына сенімді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!