Қарағандыда жүректің туа біткен кемістігі бар бес айлық сәбиге ота сәтті жасалды

21:48, 10 маусым 2026

© Фото: zakon.kz

Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді ауруханасының базасында Теміртау қаласынан келген бес айлық сәбиге жүректің ауыр туа біткен кемістігіне байланысты күрделі операция сәтті жасалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, балада өкпелік гипертензиямен қатар жүретін атриовентрикулярлық септальды акемістіктің (АВСК) аралық түрі анықталған.

Бұл патология кезінде жүрек қалқандары мен қақпақшаларының қалыпты құрылысы бұзылып, қан айналымының дұрыс жүруіне кедергі келтіреді және жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін жүктемені арттырады. Мұндай диагноз кезінде ерте жаста жасалатын хирургиялық ем – негізгі емдеу тәсілі болып табылады.

Ашық жүрекке жасалатын күрделі операциялар мультидисциплинарлық мамандар тобының қатысуын талап етеді. Осыған байланысты Қарағандыға UMC Жүрек орталығының мамандары келіп, операцияны №2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізді.

Операцияның хирургиялық кезеңін UMC балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов пен №2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, кардиохирург дәрігер Ғанибек Ақжанов орындады.Операция барысында кардиохирургтер жүрек кемістігін түбегейлі түзету жұмыстарын жүргізді. Мамандар жүрекшелер арасындағы қалқан кемістігін пациенттің өз перикард тінінен дайындалған жамаумен пластикалады, қарыншалар арасындағы қалқан кемістігін тігіп жапты, сондай-ақ митралды қақпақшаға түзету (пластика) жасады. Операция қатар жүретін өкпелік гипертензия аясында жүргізілгендіктен, емдеудің барлық кезеңдерінде ерекше дәлдік пен мұқият бақылауды талап етті.

Кардиохирургтердің айтуынша, бұл операция бала үшін өмірлік маңызы бар. Ол қалыпты қан айналымын қалпына келтіруге, жүрекке түсетін жүктемені азайтуға және баланың алдағы өміріне қатысты болжамды жақсартуға мүмкіндік береді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!