Алакөлде демалушылар қатары артқан

21:20, 23 маусым 2017

ЭКСПО отандық туризмнің тамырына қан жүгіртті десек, артық айтқанымыз емес. Әсіресе Шыңғыс хан мен Қабанбай батыр ат шалдырып, әскерлерінің жарасын жазған атақты Алакөл жағалауында қазір өзгеріс көп. Аймақ қазынасынан 500 млн теңге арнайы бөлініп, талай шаруаның басы қайырылды. 

Жаз шықса, Алакөл жаққа аңсары ауып тұратындар қатары жыл сайын артып келеді. Бас-аяғы бірнеше айдың ішінде мұнда ғаламат жұмыстар атқарылды. Жағалауда жаңа Арбат бой көтеріп, көшелерге 150 шам орнатылды. Демалыс үйлерінің арасындағы 4 шақырым жолға асфальт төселіп, 80 бейнебақылау камерасы қойылды. Енді қоғамдық қауіпсіздікті 5 полиция бекеті бақылайды. Оқыс жағдайлар орын алса, 2 жарақат бөлімі тәулік бойы қызмет етеді.

Владимир Бажин, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны:

-Аты аңызға айналған Алакөл туралы ғаламтордан көп оқыған едім, ақыры бел шешіп, алғаш рет келіп тұрмын. Мұндағы көлдің шипасын сезініп, саф ауамен тыныстап, халықтың кең пейіліне, достық құшағына бөлендік. Жағалаудағы көркейту жұмыстары да демалушылар үшін жасалып жатқаны қуантады. Дамыған шетелдерден еш кем емес.

Енді автобустар үшін де арнайы бекет ашылды. Көліктерге тұрақтар қарастырылған. Құрамында әр түрлі сала өкілдері бар арнайы комиссия мұндағы нысандардың талапқа сай болуын жіті қадағалайды.

Жеңіс Жүрсімбаев, жобаларды бақылау инспекторы:

-Өткен отырыста біз 36 нысан толық дайын десек, осы 10 күннің ішінде 80-ге жетеді деп отырмыз. Орталықта жабайы базар болған, ол базарды қазір тоқтаттық. Оның орнына қазірге заманға сай павильондар құрылып жатыр.

Сергей Давыдов, кәсіпкер:

-Әкімдіктің көл жағалауын ретке келтіру туралы бастамасын толық құптаймыз. Жаңа талаптарға сай болу үшін барымызды салып, тырысып жатырмыз. Кәсіпкерліктің дамуына мұнда барлық жағдай жасалған. Тек ерінбей еңбек ету керек.

Жаңадан бой көтеріп келе жатқан саябақта демалушылардың бір мезгіл отбасымен тынығып, сергіп қайтатын орнына айналмақ. Аумағы 1 гектарды алып жатқан нысанда түрлі-түсті, әуенді субұрқақ та іске қосылады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

-Қазір бұл жердегі абаттандыру жұмыстарының 80 пайызы аяқталған, қалғаны алдағы бір жұманың ішінде тиянақталады деген жоспар бар. Былтыр көлге 350 мың халық демалуға келсе, биыл олардың қатары халықаралық ЭКСПО көрмесі арқылы 2 есеге дейін артады деген болжам бар. Яғни туристерге жоғарғы сапалы қызмет көрсетіледі деп айтуға толық негіз бар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!