Ақтөбеде ірі көлемдегі синтетикалық есірткі партиясы тәркіленді

12:05, 20 ақпан 2026

© Сурет: ҚР ІІМ

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында гараж кооперативтерінің бірінің аумағында 38 жастағы қала тұрғынын ұстады.

Қызметтік-іздестіру итін қолдана отырып, Daewoo Nexia автокөлікті тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған 43 орам және екі таблетка табылып, тәркіленді.

Кейін күдікті есірткіні буып-түю үшін пайдаланған гаражды тінту барысында жертөле бөлмесінен ұнтақ тәрізді заты бар 161 орам, өзіне тән иісі бар зат салынған үш шағын ыдыс, термометр, zip-пакеттер, сары және жасыл түсті изоленталар, электронды таразы, сондай-ақ жазбалары бар жұмыс дәптері табылып, тәркіленді.

Сонымен қатар күдіктінің тұрғылықты мекенжайы бойынша ұнтақ тәрізді заты бар 44 орам, шамамен 200 бос zip-пакет, заттың қалдығы бар пластик бөтелкенің бөлігі және ноутбук тәркіленді. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы шамамен 500 грамм синтетикалық психотроптық заттар алынды.

Бұл – заңсыз таралуы мен тұтынылуына жол берілмеген 3 мыңнан астам бір реттік доза. Күдікті Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, Ақтөбе қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарының заңсыз айналымы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!