Актер Владимир Курочкин 41 жасында қайтыс болды

13:51, 26 қазан 2026
MKZ: 1574388

© Сурет: ВКонтакте/Мелиховский театр "Чеховская студия"

Ресейлік танымал театр актері, "Все по закону" сериалы арқылы көрерменге таныс Владимир Курочкин 42 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мелиховодағы "Чеховская студия" театрының баспасөз қызметі актердің қайтыс болғаны туралы 24 қазанда хабарлады.

"Театрымыздың актері Владимир Курочкиннің 42 жасқа қараған шағында өмірден өткенін зор күйзеліспен хабарлаймыз. Бұған сенудің өзі қиын, ал қайғымызды сөзбен жеткізу одан да ауыр..." – делінген театр хабарламасында.

Театр өкілдерінің айтуынша, Владимир Курочкин кез келген рөлді көрерменнің есінде мәңгі қалатындай шеберлікпен сомдай білген.

"Жуырда ғана ол сахнаға шығып, көрермендерді кейіпкерлерімен бірге толқытып, күлдіріп, жылатқан еді. ГИТИС-тің Л. Е. Хейфец шеберханасын тәмамдаған Владимир театрымыздың алғашқы актерлерінің бірі болды. Ол театрдың қалыптасуына атсалысып, "Чеховская студияның" ажырамас бөлігіне айналды. Оның сахналық тартымдылығы Владимир Курочкиннің өнерін тамашалау бақыты бұйырған көрермендердің жүрегінде мәңгі сақталады. Володяны жақыннан танығандар үшін ол талантты актер ғана емес, жүрегі таза, мейірімді әрі шынайы адам еді. Ол кез келген сәтте әзіл-қалжыңымен айналасына жылулық сыйлай білетін. Театрымыз қаңырап қалғандай күй кешті. Мелихово сахнасы өз жанының бір бөлшегінен айырылды", – деп еске алды әріптестері.

Владимир Курочкин театр сахнасында "Дядя Ваня", "Сон Каштанки", "Вишневый сад", "Психопаты", "Заповедник", "Страшные-страшные сказки" және "Дачный театр Антоши Чехонте" спектакльдерінде өнер көрсеткен.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, 20 қазанда Мәскеу облысының Мәдениет министрлігі "Черная курица, или Подземные жители" спектаклінің қойылатынын жариялаған. Аталған қойылымға қатысатын актерлер тізімінде Владимир Курочкиннің де есімі болған.

Актер теледидар жобаларына сирек түскен. Дегенмен көрермендер оны 2014 жылы жарық көрген "С чего начинается Родина" сериалы мен 2016 жылғы "Все по закону" жобасы арқылы тануы мүмкін.

"Өмірден ең жақсылар кетіп жатыр. Олар біздің жүрегімізде және талай қойылымның куәсі болған театр қабырғаларында мәңгілік жарқын естелік қалдырады. Қош бол, қымбатты Володя! Сені қатты сағынатын боламыз... Отбасың мен жақындарыңа шын жүректен көңіл айтамыз. Қайғыларыңызға ортақпыз", – деп жазды театр ұжымы.

Бұған дейін "Дальнобойщики" және "Метод" сериалдары арқылы танылған актер Владислав Толдыковтың қайтыс болғаны хабарланған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!