Ақтауда аязда далада тұрмағаны үшін жұмыстан шығарылған күзетші сотта жеңіске жетті

13:25, 11 қараша 2026
MKZ: 1577165

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Ақтауда сот ұялы телефон пайдаланғаны және қатты аязда күзет орнынан кеткені үшін жұмыстан шығарылған күзетшінің пайдасына шешім шығарды. Сонымен қатар жұмыс берушіге одан 2 миллион теңгеден астам өтемақы төлеу міндеттелді, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылғы 10 қарашада Ақтау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам 2016 жылдан бері "К." ЖШС-де күзетші болып жұмыс істеген.

Алайда 2026 жылғы 20 ақпанда жұмыс беруші онымен еңбек шартын бұзған. Бұған еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз бірнеше рет орындамағаны негіз болған.

Жұмыс берушінің нұсқасы бойынша, күзетші қызмет барысында бекетте болмаған және ұялы телефон пайдаланған. Мұндай шешіммен келіспеген ер адам сотқа жүгінген.

"Іс материалдарын, бейнебақылау камераларының жазбаларын және тараптардың уәждерін зерделеген сот жұмыстан шығару заңсыз деген қорытындыға келді. Атап айтқанда, жұмыс беруші күзетшінің өз бетінше бекеттен кеткенін немесе күзетілетін нысанды қараусыз қалдырғанын растайтын объективті әрі сенімді дәлелдер ұсынбаған", – делінген сот хабарламасында.

Сонымен қатар сот ауа райы жағдайын да ескерген. Атап айтқанда, 2026 жылғы 28 қаңтарда қатты аязға байланысты күзетші жылыну үшін ғимараттың ішіне кіріп, аумақты бейнебақылау камералары арқылы қадағалаған.

Сот оның бұл әрекетін қажеттілікке байланысты негізді шешім деп таныды.

"Сондай-ақ сот жұмыс берушінің ашық бекетте қызмет атқарған қызметкерге жылыну үшін тиісті жағдай жасамағанын ескерді. Осыған байланысты күзетшінің үнемі далада болуы туралы талап әділдік пен парасаттылық қағидаттарын ескере отырып, негізсіз деп танылды", – деп атап өтті сот.

Нәтижесінде сот бұрынғы күзетшінің талап-арызын қанағаттандырды. Жұмыстан шығару туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды. Ер адам бұрынғы қызметіне қайта орналастырылды.

Бұдан бөлек, жұмыс берушіден мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 2 052 997 теңге жалақы, моральдық зиян үшін 50 мың теңге өтемақы және сот шығындары өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін Атырауда мемлекеттік мекеменің концертмейстері сот арқылы жұмыстан шығарылуының заңсыз екенін дәлелдеген болатын. Әйел "дауыс қою деңгейі жеткіліксіз" деген себеппен қызметінен босатылған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!