Адалдық һәм адамшылық. Түркістан облысын рухани түлету жүріп жатыр

14:44, 27 қаңтар 2020

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағарту Штабының мүшелері қоғамда адалдық, парасаттылық қағидаттарын насихаттау мақсатында Түркістан облыстық полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті, деп хабарлайды zakon.kz.

Игілікті бастамаға құрылған келелі кездесудің негізгі мақсаты - халық пен мемлекет арасында сенім атмосферасын қалыптастыру және рухани құндылықтарды ел ішінде кең көлемде дәріптеу арқылы ел азаматтарының бойына асыл қасиеттерді дарыту.

Ақпараттық-ағартушылық бағыттағы түсіндіру жұмыстарына Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ бейнеконференция арқылы департаменттің ауданаралық қызметкерлері қатысты.

Адамдық пен адалдық, туралық пен тазалық қағидаттары терең қазбаланған рухани жиында Республикалық үгіт-насихат Штабының мүшесі Арман Бердалин сөз алып, еліміздің ертеңі асыл қасиеттермен азықтанған азаматтардың қолында екендігін жеткізді.

Тәртіп сақшыларымен кездесу барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев халықтың үніне құлақ түру мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін тілге тиек етіп, алыс шалғайдағы ағайынмен жүзбе-жүз кездесу - ақпараттық ағартушылық бағыттағы жұмыстарға оң нәтиже беретінін атап өтті.

Айта кетсек, өткен жылдың қараша айында өз жұмысын бастаған республикалық үгіт-насихат Штабының Түркістан өңіріндегі мүшелері де облысқа қарасты барлық аудан-қала тұрғындарымен кездесіп, бүгінгі күні ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!