2026 жылы салық есептілігін қалай ұсынуға болады

16:52, 17 желтоқсан 2025

© Фото: freepik

Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылы салық есептілігін тапсыру тәртібіне енгізілетін, рәсімдерді оңтайландыруға және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған маңызды өзгерістер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – егер салық төлеуші есептілікті белгіленген мерзімде тапсырмаса, төлеуге жататын салық сомасы нөл болған жағдайда салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бұл шара бизнеске қатысты ескертулер жіберуді, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатуды және ҚР ӘҚБтК-нің 272-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмауға мүмкіндік береді. Осылайша, кәсіпкерлерге қатысты жазалау шаралары азаяды.

Сонымен қатар, әкімшілік жауапкершілік тек мемлекеттік кірістер органдары тарапынан айналымдар анықталған жағдайда ғана қолданылады. Ал егер салық төлеуші өзі декларацияланбаған кірістерді анықтап, қосымша есептілік тапсырса, ешқандай шара қолданылмайды.

Алайда салық есептілігін автоматты түрде қалыптастыру салық төлеушінің Жеке кабинетінде алдын ала тапсырылуы тиіс есептілік нысандары көрсетілген жағдайда ғана мүмкін болады. Осыған байланысты салық төлеушілерге өз досьесіндегі мәліметтерді алдын ала жаңарту ұсынылады.

"Салық есептілігін кері қайтарып алу" қызметін алып тастау

Қателіктерді азайту және есептіліктің сапасын арттыру мақсатында "Салық есептілігін кері қайтарып алу" қызметі алынып тасталады. Есеп нысаны тапсырылғаннан кейін оған өзгерістер енгізу тек қосымша салық есептілігін ұсыну арқылы ғана мүмкін болады.

Салық төлеушілерге декларацияларды толтыру кезінде жауапкершілікпен қарап, жіберер алдында барлық деректердің дұрыстығын мұқият тексеру ұсынылады.

Салық органының кодын автоматты түрде таңдау

Салықтық әкімшілендірудің жаңа ақпараттық жүйесінде салық төлеушінің тіркеу есебі бойынша салық органының кодын автоматты түрде анықтап, негізгі есептілік нысандарына енгізу функциясы іске қосылды.

Бұл құжаттарды толтырудағы қателіктерді азайтуға және деректердің дұрыстығын арттыруға бағытталған. Қажет болған жағдайда кодты қолмен түзету мүмкіндігі сақталады.

Есептілікті тапсыру мерзімін ұзартудың жойылуы

Заңнамада салық есептілігін тапсыру мерзімін ұзарту туралы норма алынып тасталды. Енді салық есептілігін тапсыру мерзімін кейінге қалдыру қарастырылмайды. Осыған байланысты салық төлеушілерге есептілікті дайындауды алдын ала жоспарлап, декларацияларды қатаң түрде белгіленген мерзімде тапсыру ұсынылады.

Нормативтік база

Қаржы министрі салық есептілігінің нысандарын, оларды толтыруға арналған түсіндірмелерді және тапсыру қағидаларын бекітті.

Құжатта:

  • салық есептілігінің нысандары және оларды толтыру жөніндегі түсіндірмелер;
  • салық есептілігін тапсыру қағидалары;
  • "Салық есептілігін қабылдау", "Салық есептілігін тапсыруды тоқтата тұру және қайта жандандыру" мемлекеттік қызметтерін көрсету қағидалары қамтылған.

Салық есептілігін кері қайтарып алуды алып тастау және оны тапсыру мерзімін ұзартуды жоюды көздейтін нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және аталған күнге дейін туындаған құқықтық қатынастарға да қолданылады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!