2027 жылдан бастап Түркияға төлқұжатсыз баруға рұқсат етілетіні рас па - СІМ жауабы

21:49, 7 қазан 2026
MKZ: 1571118

© Сурет: gov4c.kz

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан және Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ-ға) мүше басқа елдердің азаматтары бір-біріне жеке куәлікпен қатынай алатындығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде 2027 жылдың басынан бастап Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің азаматтары бір-біріне төлқұжатсыз қатынай алады деген ақпарат тараған. Ол үшін жеке куәлік жеткілікті болатыны жазылған.

"Достар, жақсы жаңалық. Осыған дейін Түркі мемлекеттері ұйымы арасында, нақтырақ айтсақ Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан арасында халықтың қатынауы паспортсыз жеке куәлікпен болуы қарастырылып жатқанын айтқан болатынбыз. Енді 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл өзгеріс өз күшіне енетін болды. Түркі тілдес бауыр мемлекеттердің ынтымағы арта берсін. Енді Стамбулда жеке куәлігіңізбен фотоға түсетін боласыздар", делінген жазбада.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Kazinform агенттігіне бұл мәселе ТМҰ аясында талқыланғанын, алайда тараптар әзірге ортақ келісімге келмегенін жеткізді.

"Қазіргі уақытта ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасында бұл бастаманы іске асыруға қатысты ортақ келісім жоқ. Сондықтан 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМҰ елдері азаматтарының жеке куәлікпен өзара қатынауына мүмкіндік беретін тәртіп енгізіледі деген ақпарат расталмайды", деп хабарлады СІМ.

Жаңа тәртіптің қашан енгізілетіні де әзірге белгісіз.

Айта кетейік, ТМҰ құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді.

Қазақстан аталған елдердің барлығымен визасыз режим орнатқан. Бірақ жеке куәлікпен тек Қырғызстанға баруға болады. Қалған мемлекеттерге төлқұжат қажет.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!