15 сәуір - мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы Көрпеш - Баян сұлу күні

10:13, 15 сәуір 2025

© Сурет: Zakon.kz

15 сәуір – махаббат күні. Дәлірек айтсақ, Қозы мен Баяндай бір–бірін қадір тұтатын, ыстық сезім мен мөлдір махаббаты пір тұтатын ғашықтардың мейрамы. Бұл ақпаратта сіздерге Қозы мен Баянның қысқа ғана ғұмыры мен бүгінгі мерекенің шығу тарихы ұсынылады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұмыт болып бара жатқан мейрамдарды қайта жандандыру ісін қолға алып келеді. Қазақтың әдет-ғұрпы пен салт-дәстүріне негізделген мерекелердің қатары күннен-күнге толығуда. Мәселен, шамамен осыдан оншақты жыл бұрын ел болып ғашықтар күні ретінде "Әулие Валентин" күнін тойласақ, бүгінде сәуірдің шуақты күндерімен қатар келген, "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" күнін тойлау белең алуда. Осы тұрғыда, Қозы мен Баянның тағдырына көз жүгіртсек.

20-ға жуық нұсқасы бар жырдың ең танымалы – Жанақ нұсқасы

Жыр мазмұнына сүйенсек, өз дәуірінде даңқы жер жарып тұрған Қарабай мен Сарыбай бел құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастырып қояды. Алайда, дүниеге ізін жалғар ұл келгенін естіген Сарыбай перзентін қолына ала алмай қаза табады. Қарабай уақыт өте келе уәдесінен тайып, "қызымды жетімге бермеймін" деп, бір кездері отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Ал, Қодар болса айласын асырып, Қозыны өлтіреді. Өз кезегінде, қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян өш алу үшін қулыққа көшеді. Қодарға құдықтан су алып берсе, оған күйеуге шығатынын айтады. Қыздың сөзіне сенген Қодар оның бұрымынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, Баян бұрымын кесіп тастайды. Осылайша, Қодар түпсіз тұңғиыққа кетеді. Баян сұлу болса ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.

Жыр трагедиямен аяқталса да, оның мәні ғашықтардың бір-бірінің жолында қаза тауып, махаббатқа адал болуында. Осы тұрғыда, журналист, әлеуметтанушы Нұрлан Наурызалиевтің айтуынша, "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін" тек трагедиямен байланыстыра бермеу қажет.

"Тарихта Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жырларының тууында әлеуметтік мәселелер мен ата-ананың, басқа да адамдардың араласуымен пәк сезімді жастардың бір-біріне қосыла алмаған, қайғылы жағдаймен аяқталған. Демек, бұл сол кезеңнің өзінде бір-бірін өліп-өшіп сүйген жандардың болғанын көрсетеді. Ал, олардың қосылып бақытқа кенелгені қаншама. Тек осындай трагедиямен аяқталған оқиғаларды есте сақтап қалғанбыз. Жалпы менің ойым, біздің жастар қай күні өз махаббатын жолықтырса, сол күні "махаббат күні" деп айтар едім. Сол күнді ғашығымен жыл сайын атап өтсе болады. Әрине, өмір жолдары түйіссе", – дейді ол.

Өз кезегінде, Омар Жәлелдің Таңшолпан бағдарламасының тілшісіне айтуынша, жырлардағы ғашықтардың қосылып-қосылмауы маңызды емес. Маңыздысы – ғашықтық мектебі. Яғни, сүйе білуді үйрету, тұрақтылыққа үйрету.

Мейрамның шығу тарихы

Бұл мереке халықаралық "Әулие Валентин" күнінің баламасы ретінде қалыптасқан. Оны алғаш рет, Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп дәл осы күнге қойылған болуы керек.

Сурет: wikipedia

Ғашықтардың мазары

Қосылмай кеткен ғашықтар, Шығыс Қазақстан облысындағы Таңсық ауылы маңындағы кесенеге жерленген деген мәлімет бар.

Деректерге сүйенсек, Қозы көрпеш – Баян сұлу мазарының жанында төрт тас мүсін болған. Олардың кескінін ең бірінші болып 1771 жылы Г.Волошин қағаз бетіне түсірген. Тас мүсіндерде үш әйел мен бір ер адам бейнеленген. Халық арасындағы аңыз бойынша, үш әйелдің біріншісі – Баян сұлу, екіншісі – сіңлісі Айғыз, үшіншісі – апасы Айтаңсық, ер адам – Қозы болса керек. Өкінішке орай, қазір бұл тас мүсіндер жоғалып кеткен. Ел ішіндегі аңыз-әңгімеде Қозы көрпеш – Баян сұлу мазарын және оның жанындағы тас мүсіндерді Сарыбайдың інісі Тайлақ би жасатқан деп айтылады.

1982 жылы қабір үстіндегі кесене тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.

2013 жылы Аягөз қаласында қос ғашықтың құрметіне ескерткіш орнатылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!