«100 млн теңге алған»: ҰҚК Тілек Махуовтың ұсталғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді

18:20, 10 шілде 2026

© Сурет: gov.kz

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау әкімінің міндетін атқарған Тілек Махуовтың ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Zakon.kz

Kozachkov offside Telegram-арнасының мәліметінше, ол 2026 жылғы 4 шілдеде ұсталған. Арна дереккөзі Тілек Махуов "Атырау қаласының кәріз желілерін күрделі жөндеу" жобасына өзгерістер енгізуге мүдделі компаниядан 100 млн теңге алғанын айтқан.

"Ақша осы нысанда қосалқы мердігерлік жұмыстар атқарған делдал арқылы берілген деген болжам бар. Қылмыстық іс бойынша "Сапа Құрылыс 2007" ЖШС басшылығы да аталады. Бұл — су шаруашылығы саласында еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін ірі компаниялардың бірі. Өткен жылы кәсіпорын 2,5 млрд теңгеден астам салық төлеген. Тергеуді Атырау облысы прокуратурасымен бірлесіп ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр", — делінген 5 шілдеде жарияланған хабарламада.

Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тілек Махуовқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растады.

"Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", — деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі Zakon.kz сайтына 10 шілдеде.

Айта кетейік, Тілек Махуов 1977 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1999 жылы Атырау мұнай және газ университетін "инженер-механик" мамандығы бойынша, ал 2008 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын "инженер-құрылысшы" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1999 жылы теміржол саласында бастаған. Мемлекеттік қызметке 2003 жылы келген. 2023 жылдан 2024 жылдың мамырына дейін Атырау қаласы әкімінің аппаратында құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 2024 жылдың мамырынан бастап Атырау қаласы әкімінің орынбасары болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!