Кесарь тілігі туралы не білеміз?

08:44, 25 наурыз 2017

Кесарь тілігі дегеніміз – нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару. Кесарь тілігі негізіненн ананың денсаулығына, жүктілік және босану кезіндегі ауыртпалықтар, нәрестенің жағдайына байланысты жасалады. Бүгінде босанған әйелдердің шамамен 12-27 %-ы баласын кесарь тілігі арқылы дүниеге әкеледі. Кесарь тілігі жоспарлы түрде жасалатын және шұғыл жасалатын деп екіге бөлінеді. Жоспарлы түрде жасалатын кесарь тілігі әйелдің жүкті кезінде алдын ала анықталады.

Әйел дамның өзі туа ма әлде кесарь тілігі жасала ма, оны кім анықтайды? Бұл мәселе алдын ада әйелдер консультациясында немесе әйелдің жүктілік барысын тексеріп отырған медициналық орталық анықтайды. Негізі тексеруге тек акушер-гинеколог қана емес, сонымен қатар терапевт, окулист, эндокринолог, қажет болған жағдайда, хирург, невропатолог, ортопед сияқты басқа да мамандар қатысады. Қандай да бір ауру анықталған жағдайда, бұл мамандар әйелдің қалай босана алатынын туралы шешім қабылдайды. Кесарь тілігінжасау және оның нақты жасалу уақыты туралы шешімді босанардың алдында перзентханадағы дәрігерлер шығарады. Сондықтан перзентхананы да алдын ала таңдап, мазалаған қажетті мәселенің бәрін шешіп алған дұрыс.

Кесарь тілігін ешқандай медициналық көрсетілімсіз, әйелдің қалауымен жасауға бола ма? Біздің ойымызша, кесарь тілігі әйел адамның денсаулығына немесе нәрестенің өміріне қауіп төнген жағдайда ғана жасалуы тиіс. Босанатын әйел хирургиялық отаның қаупі туралы кәсіби білімі болмағандықтан, ондай шешімді қабылдай алмайды. 

Перзентханаға қашан жату керек? Әйелдер консультациясындағы дәрігер көбінесе алдын ала болжанған күннен 1-2апта ертерек жібереді. Стационарда тағы да қосымша тексерулер өтеді.  

Ота жасалатын күн қалай анықталады? Босанатын әйелдің жағдайы бағаланып, соңғы етеккірдің күніне, алғашқы ультра-дыбыстық зерттеу нәтижесіне байланысты босанатын күні анықталып, босану күніне мейлінше жақын күн белгіленеді. Сонымен қатар бұл кезде міндетті түрде әйелдің де қалауы ескеріледі. Әйел адамның кесарь тілігіне берілетін рұқсаты міндетті түрде жазбаша рәсімделеді.

Жоспарлы түрде жасалатын кесарь тілігінің алдында жасалатын іс-шаралар. Ота жасалардың алдында душ қабылдап, жақсылап ұйқы қандырып алу керек. Уайымдап тұрған әйел жатар алдында дәрігердің ұсынысымен тыныштандыратын дәрі қабылдағаны жөн. Ота жасардан 2 сағат бұрын тазалау клизмасы жасалады. Тура ота алдында несеп қуысына катетер кигізіледі де, отадан кейін бірнеше сағат өткеннен соң ғана алынады. Бұл бүйрек тарапынан болатын асқынулардың алдын алуға көмектеседі.

Кесарь тілігі кезінде қандай жансыздандыру тәсілдері қолданылады?  Қазіргі кезде ең танымал және жиі қолданылатын тәсіл – аймақтық (эпидуральді немесе жұлын) анестезия. Бұл кезде ота жасалатын аймақ пен дененің төменгі жағы ғана жансызданады. Әйел өзі ояу жатады. Сол себепті нәрестесін босана салып, бірден көре алады.  Бүгінгі таңдағы перзентханаларды 95% -дан астап оталар жансыздандырудың осы тәсілін қолданады. Жалпы анестезия өте сирек қолданыс табуда.

Кесарь тілігі жасалғаннан кейінгі бірінші тәулік. Босанғаннан кейінгі бірінші тәулікте әйел жағдайы тәулік бойы бақылауда болатын жан-сақтау бөлімінде жатады. Себебі, оның жалпы жағдайы, артериялық қысымы, жүрек қағысы, тыныс алу ырғағы, жатырының көлемі мен тонусы, бөлінді көлемі, несеп қуысының қызметі, бәрі бақылауда болуы тиіс. Бір тәуліктен кейін жалпы палатаға ауыстырылған әйелге тағы 2-3 күн ауырсынуды азайтатын дәрі салады. Сонымен қатар жатырдың жиырылуына ықпал ететін препараттар да беріледі.

Қашан тұруға болады? Әйел адам отадан кейін 6 сағат өткен соң мейірбикенің көмегімен тұра алады. Алдымен біраз отыра тұру керек. Сосын ақырындап тұрған жөн. Тұра салып, жүре кетуге болмайды. Бір орнында біраз қозғалмай тұруға кеңес беріледі. Бірінші жолға осы жеткілікті. Ал белсенді қозғалысқа жалпы палатаға ауыстырған кезде  рұқсат беріледі. Палатаға ауыстырылған әйелдің қасына баласы беріледі. Ол өзі күтім жасап, емізіп, киімін ауыстыра алады. Егер перзентханада рұқсат берсе, әйелдің қасына туыстардың біреуі немесе мейірбике көмектесе алады.

Диета. Алғащқы кездері газдалмаған минералды су ішу керек. Оның лимон шырынын аздап қосуға болады. Екінші тәулікте майсыз сорпа, ботқа, қайнатып пісірілген ет, тәтті шәй ішуге болады. Үшінші тәуліктен бастап бала емізген кезде бас тартатытн тағамдардан басқасының барлығы ішуге рұқсат беріледі.  

Үйге шығару күнін дәрігер шешеді. Әдетте ота жасалғаннан соң 5 күннен кейін жатырға ультрадыбыстық зерттеу жасайды. Барлық талдаулар мен нәрестенің жағдайы бойынша дәрігерлер анасы мен баласын үйіне шығару күнін белгілейді.

Үйге келгеннен кейін көбірек демалуға тырысыңыз. Үй шаруасының біразын өздері істей алатындай болса, отбасы мүшелерінен көмек сұраңыз. Қалай дегенде де, отадан кейін біраз уақытқа дейін әлсіздік, шаршау, ауырсыну сезімдері сақталады. Ванна мен моншағны қоя тұрып, алғашында душпен ғана шектелген дұрыс. Ваннаға түсуге, жүзуге тек 1,5 айдан кейін ғана рұқсат беріледі. Жыныс қатынасына да 6 аптадан кейін ғана түскен жөн. Сонымен қатар жүктіліктен сақтау жолы туралы дәрігеріңізбен кеңесуді ұмытпаңыз.

Кесарь тілігінен кейінгі келесі жүктілікті (осы балаңыз бірінші болса) тек екі жылдан кейін ғана жоспарлай аласыз. Осы уақыт аралығы алдыңғы жүктіліктен кейін ағзаңызды қалпына келтіруге және отадан кейін реттелуге жеткілікті. Егер келесі жүктілігіңіз кезінде кесарь тілігін жасауға ешқандай көрсетілім болмаса, табиғи жолмен босана алатыныңызды есте сақтаңыз!  

 

Дереккөз: anabol.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!